Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-да Жәнібек ауданының тұрғындары 100 пайыз ауызсу желісімен қамтылады

Опубликовано:

Жәнібек ауданы әкімінің жұртшылықпен кездесуі
Фото: БҚО әкімдігі

Жәнібек ауданының жұртшылығымен кездескен облыс әкімі Нариман Төреғалиев мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар легін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындардың өзекті сауалдарына жауап берді.

Аудан әкімі Тимур Шиниязов Күйгенкөл ауылында есеп берді. Оның айтуынша, Жәнібек ауданының 2023 жылғы бюджеті 6,8 миллиард теңге болған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінен өсім байқалады. Аграрлы ауданда мал саны да жыл санап көбейіп келеді. Есептік кезеңде ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға және құдық бұрғылауға 163 миллион теңге субсидия төленген. Биыл "Ауыл — ел бесігі" бағдарламасы аясында Талов, Жасқайрат, Тау және Майтүбек ауылдарындағы медициналық нысандар күрделі жөндеуден өткізілді. "Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде Жақсыбай мен Қамысты ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүріп жатыр.

Жәнібек ауданы әкімінің жұртшылықпен кездесуі
Фото: БҚО әкімдігі

Мемлекеттік бағдарламалар негізінде құрылыс қарқыны артып келеді. Ағымдағы жылы 2,8 млрд теңгеге осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілген. Соның ішінде елді мекендерді сапалы ауызсу желісімен қамтуға басымдық берілді. Жылдың басында 11 ауылға су құбыры тартылып, 3 ауылға модульді гидроблоктар орнатылды. Қазір Еңбекші ауылында осындай жұмыстар легі жалғасып жатыр. Жоба жүзеге асқан соң аудандағы елді мекендердің таза ауызсумен қамтылу деңгейі 100 пайызға жетеді.

"Ал баспанаға мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін республикалық бюджеттен 96 миллион теңге және аудандық бюджеттен 17 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат 10 баспана алуға жұмсалады. Биыл 3736 шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Осы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ауданымызда шағын және орта бизнеспен мыңға жуық адам айналысады. Атап айтқанда, 546 шаруа қожалығы, 452 жеке кәсіпкер бар. Бизнес нысандарында 1520 адам жұмыс істейді", - деді Жәнібек ауданының әкімі.

Жәнібек ауданы әкімінің жұртшылықпен кездесуі
Фото: БҚО әкімдігі

2023 жылдан бастап Аграрлық несие корпорациясы арқылы 35 жасқа дейінгі іскер жандарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Қазіргі таңда ауданда мұндай әдіспен 7 адам қолдау алып, 29 миллион теңге несие алған. Олар мал шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жүр.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң жұртшылық сан салаға қатысты сауалдарын қойды. Жәнібек тұрғындары Ресеймен шекаралас бекеттің мәртебесін халықаралық дәрежеге көтеріп, талапқа сай жаңғыртуды сұрады. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Парламент депутаттары бұл мәселе бойынша ресейлік әріптестерімен байланыс орнатқанын және шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.

Жәнібек ауданы әкімінің жұртшылықпен кездесуі
Фото: БҚО әкімдігі

Шалғайдағы ауылдарға бизнес гранттары айтарлықтай қолжетімді емес. "Ауыл" партиясының өкілі Бауыржан Сабанов осылай дейді. Ол үздік бизнес бастамаларды іріктеу үшін аудандық комиссия құруды сұрады. "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында ауданға 311 миллион теңге бөлініп, бүгінде 55 адам несие алған. Бір жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,2 миллиард доллар болып отыр.

Кездесуде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қызметі, ақбөкендер санын реттеу, электр желілерін жөндеу және басқа да мәселелер көтерілді.

Тимур Шиниязов
Фото: БҚО әкімдігі

"Біздің ауылда трансформатор болған. Оны кейін электриктер алып кетті. Енді бізде жарық мәселесі тығырыққа тіреп отыр. Бізге көмек керек", - дейді ауыл тұрғыны Жеміс Бисенова.

Электр желілері мәселесі - облыстағы ең күрделі тақырыптардың бірі. Қазір жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіле бастады. Аймақ басшысы бұл түйткілдер біртіндеп шешілетінін айтты. Жұртшылық шекарамен іргелес жатқан ауылдарда адам саны азайып кеткенін де тілге тиек етті. Облыс әкімі елді мекендерді сақтап қалу үшін "Қаладан ауылға!" бағдарламасының концепциясы әзірленіп жатқанын хабарлады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлерді көркейтуіміз қажет. Біз қазір осы бағдарламамен айналысып жатырмыз. Егер мақұлданса, бос қалған үйлерді пайдаланғымыз келеді. Оларды ауылға көшіп келген отбасыларға береміз. Біздің мақсат - ауылдан көшкен адамдарды кері қайтару. Оларға барынша жағдай жасаймыз. Мал шаруашылығын дамытуға қосымша жоспарымыз бар. Соның ішінде асылтұқымды мал бағуға көңіл бөлеміз. Сонда ауылдық жерлерді көркейтуге күш саламыз", - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Кездесуде тұрғындардың әр сауалына әкім мен салалық басқармалар өкілдері нақты жауап берді. Жиыннан кейін облыс әкімі тұрғындар үшін жеке қабылдау өткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049594-bqo-da-zanibek-audanynyn-turgyndary-100-paiyz-auyzsu-zelisimen-qamtylady/

pixel