Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

46 кенші қаза тапқан Костенко шахтасындағы апат: күдіктілер ұсталды

Опубликовано:

Кеншінің құрал-сайманы
Кеншінің құрал-сайманы. Көрнекі фото: Adam88xx/Getty Images

Костенко шахтасындағы апатты тергеудің алдын ала нәтижелері жарияланды. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен 7 адам УҰИ-ға қамалды, деп хабарлайды Бас прокуратура Telegram-дағы ресми арнасында.

2023 жылғы 28 қазанда "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында бірқатар жарылыс болып, салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған еді.

Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары ІІМ, ҚМА, ТЖМ және Агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің қатысуымен жүргізуде.

"Жарылыс бастапқыда №48К3-батыс лава көмір өндіру учаскесінде К2 астындағы көмір қабатынан шығатын метан-ауа қоспасының орналасуынан болғаны анықталды, оның көзі шахта кенжары конвейерінің жұмысында механикалық от шығудан болған.

Бұл жарылыс шахта өндірісіндегі көмір шаңының кезең-кезеңмен жарылыстарына әкелген, себебі оның концентрациясы рұқсат етілген нормалардан айтарлықтай жоғары болған", - делінген мәлімдемеде.

Тергеу барысында қайғылы оқиғаға шахтаны пайдалану кезінде өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбекті қорғау ережелерін көптеген бұзушылықтарға жол берілуі тікелей байланысты екені анықталды.

"Қазіргі уақытта көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылуда", - деп хабардар етті Бас прокуратурадан.

Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабына сәйкес күдіктілер Қарағанды облысындағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бас прокуратура тергеу аясында "Арселор Миттал Теміртау" АҚ мен Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің шахтаның қауіпсіз жұмыс істеуіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген тиісті тұлғаларына да құқықтық баға берілетінін мәлім етті.

Құзырлы орган өкілдері тергеу жалғасуда және ерекше бақылауда екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050016-kostenko-saxtasyndagy-apat-7-kudikti-ustaldy/

pixel