Алматыда заңсыз салына бастаған тұрғын үй кешені бұзылды (фото, видео)
Жарияланған күні:
Оңтүстік астанада сот шешімімен KHAN тұрғын үй кешені бұзылды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің Telegram-арнасында хабарланды.
"Әкімдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп таулы аймақта жүргізілген жұмыс барысында заңға қайшы салынып жатқан 52 нысан анықталды. Бұл туралы қалалық Құрылысты бақылау басқармасы хабарлады", - делінген хабарламада.
Солардың бірі - Витебская, 44/3.44а мекенжайында орналасқан KHAN тұрғын үй кешені. Кешен қажетті рұқсат құжаттарынсыз, соның ішінде жобаны бекіту, сәулет-техникалық қадағалау, сараптама мен жұмыстың басталуы туралы хабарламасынсыз тұрғызылған.
2023 жылғы 24 қазанда Алматы қалалық соты нысанды бұзу туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Үйді бұзу жұмыстары Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен жүргізілгені айтылады.
Қалада тағы 19 нысан бойынша толық немесе ішінара бұзу, нысанды бастапқы қалпына келтіру және бұйрықты мәжбүрлеп орындау туралы сот шешімдері заңды күшіне енді.
Биылғы қарашада Алматыда сот шешімімен заңсыз салынған 20 ғимарат сүріле бастайтынын хабарлаған едік. Ведомство мәліметінше, қала басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасымен Алматының таулы аймағындағы заңсыз құрылысқа бақылау күшейтілді. Қала құрылысын бақылау басқармасы заң талаптары мен құрылыс нормаларын сақтамай салынып жатқан 52 нысанды анықтаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050197-almatyda-zansyz-salyna-bastagan-turgyn-ui-keseni-buzyldy-foto-video/