Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

“Ұлымның ауызы ауруханадан шіріп шықты”: Ақтөбелік келіншек дәрігерлердің салғырттығына шағымданды

Опубликовано:

аурухана
Аурухана. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбелік келіншек 12 жастағы ұлының ауруы асқынып кеткеніне алаңдаулы. Аудандық ауруханадан дәрігерлер “жағдайы жақсы” деп шығарған жасөспірім ұзамай жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Көктау ауылының тұрғыны Айым Қозбақова ұлын жетектеп қаладағы инфекциялық ауруханаға жатқызды. Жағдайы нашарлап, әлсіреп қалған жасөспірім бірден жансақтау бөліміне түскен.

"Баланың әлі жоқ, құр сүйегі қалған. 12 жастағы бала 37 келі болып қалды. Қаланың дәрігерлері “3-4 күн кешіккенде баладан айырылатын едіңіз, ауруханадан қалай шығарған" деп айтты. Балам осыған дейін екі апта аудандық ауруханада ем алды. Аузы іріп жатқан балаға аскорбин қышқылын, системамен глюкоза берген. Ауруханадан шыққанда емделуге жолдама берген жоқ. "Жағдайы жақсарды" деп шығарып жіберді. Төсектен тұра алмай қалған баламды қалаға өзім әкелдім", - деді жасөспірімнің анасы Айым Қозбақова.

Келіншектің айтуынша, таңдайы қызарып, ерні бөртіп кеткен ұлын 21 қараша күні Хромтау аудандық ауруханасына апарады. Дәрігерлер қызылша, стоматит диагнозын қойып, ауруханаға жатқызған. Ұлының жағдайын сұрағанда "тәуір болып келе жатыр” деп сендіреді. Екі аптадан соң жасөспірімнің қолына "жазылып келе жатыр" деген құжатты ұстатып, ауруханадан шығарған.

"Балам ауруханада жатқанда өзім вахтада жұмыста болдым. Дәрігерлерге хабарласып отырдым. Үйге келгенде ауруханадан шыққан баламды көріп шошыдым. Ол төсектен тұра алмайды, тамақ іше алмайды, сөйлемейді. Баланың аузы ашылмайды. Түтікшемен ғана кисель ішеді. Ол аудандық ауруханада жатқан екі апта бойы тамақ ішпеген. Хромтау ауруханасы баланы кварцқа жатқызып, денесінің бәрін күйдіріп тастады",- деді ол.

Оқиғаға пікір білдірген облыстық денсаулық басқармасы ішкі тексеріс жүретінін хабарлады. Бүгінде бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылған.

"Науқас аудандық ауруханаға қызылша инфекциясы, стоматит белгілерімен түсті. Стоматит қызылша инфекциясының асқынуы түрінде көрінеді. Емдеу хаттамаға сәйкес жүргізілді. Облыстан онлайн режимде кеңес алған. Вирусқа қарсы препараттармен ем тағайындалған. Бала облыстық инфекциялық ауруханасында. Қазір палатада. Жағдайы жақсарып келеді",-деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Келіншек баласына дұрыс ем жүргізбеген аудандық аурухана дәрігерлерінің үстінен прокуратураға шағым түсіретінін айтты.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050278-ulymnyn-auyzy-auruxanadan-sirip-syqty-aqtobelik-kelinsek-darigerlerdin-salgyrttygyna-sagymdandy/

pixel