Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәуелсіздік күні қарсаңында БҚО-да полиция қызметкерлеріне 100-ге жуық көлік табысталды

Опубликовано:

Батысқазақстандық полицейлерге берілген көліктер
Батысқазақстандық полицейлерге берілген көліктер. Фото: БҚО әкімдігі

Мемлекет басшысы елде құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Бұл бағытта полиция қызметкерлерінің техникалық мүмкіндігін арттыру жұмыстары жүйелі жүріп жатыр.

Тәуелсіздік күні қарсаңында батысқазақстандық құқық қорғаушыларға 96 автомобильдің кілті тапсырылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, биыл өңірде полиция қызметін дамытуға былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға көп қаражат бөлінген.

"Мемлекет басшысының Жолдауында полиция органдарының еліміздің нығаюына қосатын үлесі мен құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту бағыттары айқындалған. Соған орай биыл БҚО полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға 5,7 млрд теңге бөлінді. Жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге 148 бірлік қызметтік автокөліктер сатып алынды. 685 млн теңгеге "Призма-Stos" жүйесінің 21 жылдамдық өлшегіштері орнатылды.

Планшеттер мен жылжымалы термопринтерлер, көші-қон қызметіне арналған мобильді биометриялық терминал секілді жабдықтар алынды. Жаңа үлгідегі киім-кешекпен барлық жеке құрам қамтамасыз етілді. Осыдан-ақ жергілікті тәртіп сақшыларын қолдау бағытында атқарылып жатқан ілкімді істерді көруге болады", - деді облыс әкімі.

Салтанатты іс-шара барысы
Салтанатты іс-шара барысы. Фото: БҚО әкімдігі

Аймақ басшысы сала қызметкерлерін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, су жаңа көліктердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

"Енді одан әрі жұмыстанамыз. Жаңа автокөліктерді күтіп ұстап, тиімді пайдаланамыз. Бұл көліктермен қоғамдық тәртіпті күзетуге шығамыз. Бұрынғы көліктер әбден ескірді ғой. «Жак» берді, одан бұрын "Шкодалар" болды. Ал одан бұрын Ваз 2110 болды. Енді, міне, "Серато" көлігін алып жатырмыз", - дейді БҚО полиция департаментінің патрульдік батальон инспекторы Наурыз Бектасов.

Іс-шарадағы кілт табыстау рәсімі
Іс-шарадағы кілт табыстау рәсімі. Фото: БҚО әкімдігі

Аймақта полиция қызметкерлерінің жүйелі жұмысының нәтижесінде ағымдағы жылы қылмыс деңгейі 25 пайызға төмендеген. Мәселен, өткен жылы 5 524 қылмыс болса, биыл 4140 болып отыр. Ал жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Осы жылдың он бір айында жол ережесін бұзу деректері 190 мыңнан асқан. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев енді осындай оқыс оқиғаларды азайтуға күш жұмылдыруды тапсырды.

Іс-шарадағы сәттен көрініс
Іс-шарадағы сәттен көрініс. Фото: БҚО әкімдігі

Айта кетейік, осыдан ай жарым уақыт бұрын аймақта учаскелік полиция инспекторларына қызметтік көліктер берілген еді. Құқық қорғау саласын жетілдіру жұмыстары одан әрі жалғасады, дейді мамандар.

БҚО-да табысталған полиция көліктері
БҚО-да табысталған полиция көліктері. Фото: БҚО әкімдігі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050709-tauelsizdik-kuni-qarsanynda-bqo-da-policiya-qyzmetkerlerine-100-ge-zuyq-kolik-tabystaldy/

pixel