Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Іздеуде жүрген 2,5 мың қылмыскер ұсталды: министрлік биылғы есебін жариялады

Опубликовано:

Күдіктіге кісен салу
Кісен салу. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

ІІМ жыл қорытындысын жариялады. Криминалдық полиция жедел уәкілдерінің мәліметі бойынша, жалпы бір жылдың ішінде іздеуде жүрген 2,5 мың қылмыскер ұсталған, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.

"Арада жылдар өтсе де, шетел асқан қылмыскерді ұстау, далада жоғалған баланы табу, белгісіз жағдайда қаза болған адамның жеке басын анықтау – ІІМ криминалдық полиция қызметкерлерінің жұмысында кездесетін дүниелер. Олардың қиын да күрделі қызметі туралы Polisia.kz сайтының тілшісі баяндайды", – деп жазылған ІІМ хабарламасында.

Ведомство ақпараты бойынша, 2023 жылдың басынан бері ІІМ криминалдық полицияның жедел уәкілдері 2,5 мың іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады, оның ішінде:

  • 34 кісі өлтіруші;
  • 17 қарақшы;
  • 84 тонаушы;
  • 10 бопсалаушы;
  • 11 зорлықшы;
  • 87 есірткі қылмыскері бар.

Қазақстан аумағында басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдарының көмегімен іздеуде жүрген 374 қылмыскер табылған.

Сондай-ақ, ведомство мәліметіне сүйенсек, қылмыскерлерді іздеу тек ел аумағымен шектелмейді. Іздестіру жұмыстары өзге мемлекеттерде де жүзеге асырылады.

"Мысалы, осы жылдың шілде айында Шымкентте жедел-іздестіру іс-шаралары барысында біздің қызметкерлер 2018 жылы Дубайда кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген ер адамды ұстады. Сондай-ақ Таразда 2022 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды облысының полиция департаментімен кісі өлтіруге оқталғаны үшін іздеуде жүрген екі азамат құрықталды", – деді ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Бұл ретте Интерполдың Ұлттық орталық бюросының мүмкіндіктері кеңінен қолданылады. Оған қоса ІІМ өкілдері ТМД-ға қатысушы елдердің аумағында жылына екі рет "Іздестіру" операциясы жүргізілетінін атап өтті.

"Елден тыс жерлерде жыл басынан бері 70 қылмыскерді ұстап, одан бөлек тағы 36 іздеуде жүрген адамды анықтадық. Олар АҚШ, Швеция, Германия, Түркия, сондай-ақ өзге де алыс-жақын елдерде табылды", – деп атап өтті Руслан Назаров.

Ведомство дерегінше, Қазақстан ІІМ жедел-іздестіру топтары шетелде 34 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз кеткен бір адамды тапқан.

"Мәселен, біздің жедел-іздестіру тобымыз қараша айында Грузия қалаларының бірінде 2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың ақпанына дейін қаржы пирамидасын құрған және басқарған күдіктіні ұстады. Ол азаматтарға 2 млрд теңгеден астам шығын келтірген", – деді спикер.

Сонымен қатар биыл полицейлер қысқа мерзімде хабар-ошарсыз кеткен 13,5 мыңнан астам азаматты тауып, іздестіру ісі қозғалған жоғалған 1276 адамның орналасқан жерін анықтаған.

"Адамдар түрлі жағдайда жоғалып жатады. Олардың жоғалып кетуіне әсер ететін факторлар да жоқ емес. Мысалы, кейбір адамдар жасына, сырқатына байланысты жоғалса, кейбірі туыстарымен қарым-қатынасты үзу мақсатында жоғалуы мүмкін. Бұған ішімдікке әуестік, құмар ойындарға немесе ставкаларға тәуелділік себеп болуы да мүмкін. Жоғалған адамдарды іздеуде қоғам мен еріктілер ұйымдарының көмегін атап өту қажет. Тек уақтылы полицияға жүгіну мен жедел әрекет ету жазатайым оқиғаның алдын алып, жоғалған адамды анықтауға көмектеседі", – дейді Руслан Назаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050820-izdeude-zurgen-25-myn-qylmysker-ustaldy-ministrlik-biylgy-esebin-zariyalady/