Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде жоқ малға үсті-үстіне субсидия алды деп айыпталған экс-депутаттың соты басталды

Жарияланған күні:

Қылмыстық іс қаралып жатқан сот ғимараты
Қылмыстық іс қаралып жатқан сот ғимараты. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 40 жастағы экс-депутатына мемлекеттен 457 млн теңгені заңсыз иеленді деген айып тағылды. Сенімге кіріп, алаяқтық жасады деген депутат өзіне тағылған айыппен келіспейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қылмыстық іс Ақтөбе қалалық сотында қаралып жатыр. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген, яғни, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп күдікке ілінген ер адам 2023 жылдың 5 мамырынан бері қамауда отыр. Ол 2021 жылдың қыркүйек айынан 2022 жылдың желтоқсан айы аралығында "Қобда Агро" шаруа қожалығының жұмысын жүргізген.

Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы 2020 жылы бірнеше рет қаржы институттарына барып, несие, субсидиялау туралы ақпарат алып, сол кезде алаяқтық жолмен ақша иемденуді ойға алған-мыс.

"Н. алаяқтық жасау мақсатында "Қобда Агро" ШҚ төрағасы бола тұра 1200 бас мүйізді ірі қара алу үшін "Сыбаға" бағдарламасына өтініш жасады. Шын мәнінде ол мал алуды жоспарламаған. Құжат рәсімдеу кезінде Н. "ГерефордОрганик" жауапкершілігі шектеулі қоғамымен арадағы келісімшарт, сонымен бірге ауданы 1466 шаршы метр болатын қораны, 0,22 гектар жерді кепілге қояды. Оның құны 28,2 млн теңге деп бағаланған.

Құны 27,7 млн теңге, ауданы 1437 шаршы метрлік қора мен 0,23 га жері, 27,3 млн теңге болатын ауданы 1414,5 шаршы метрлік қораны және 0,27 га жері және сатып алатын 1200 МІР кепілге қояды. Сонымен бірге 46,3 млн теңге болатын өзінің 275 бас мүйізді ірі қарасының құжатын ұсынады. 41,1 млн теңге болатын 163 бас қазақтың ақбас сиыры, құны 120 млн теңге болатын 500 бас абердин-ангус асыл тұқымды ірі қараның құжатын ұсынады. Бірақ құжаттары жалған. "Қобда Агро" ШҚ-ның мұндай ірі қарасы болмады", - деді прокурор Әсел Есетова.

Айыптау актісінде "Аграрлық қаржы корпорациясы" АҚ сотталушының 780 млн теңге өтінішін қанағаттандырғаны айтылады. 2021 жылы 11 қазанда қарыз алушыға несиенің 50 пайызы берілген. 2021 жылдың 28 желтоқсанында 390 млн теңге шаруа қожалығының есепшотына түседі.

Сот отырысындағы прокурор мен судья
Сот отырысындағы прокурор мен судья. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Ол электронды қолтаңбаны пайдаланып, жем-шөпке субсидия алуға өтініш береді. Құны 12,7 млн теңге болатын 85 бас абердин-ангус тұқымды ірі қараның құжатын ұсынады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары Н.-нің алаяқтық ойын сезбей, өтінішті қанағаттандырады. Сөйтіп екінші деңгейлі банктегі есепшотына 12,7 млн теңгені аударады. Ол ақшаны өз қажетіне жұмсайды", - деді прокурор.

Осылайша сотта экс-депутаттың мемлекеттік бағдарламалар арқылы үсті-үстіне ақша алғаны айтылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары алаяқтық әрекеттерді сезбей қалған. Мемлекетке келген жалпы шығын көлемі - 457 млн теңге.

Экс-депутат сотта өзіне тағылған айыппен келіспеді. Толықтай мойындамайтынын айтты. Ал сотқа дайындықсыз келгенін айтқан жәбірленуші тарап жауап алуды кейінге қалдыруды сұрады.

Сотың келесі отырысы 2024 жылдың 5 қаңтарына белгіленді.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051104-aqtobede-zoq-malga-usti-ustine-subsidiya-aldy-dep-aiyptalgan-eks-deputattyn-soty-bastaldy/