"Жатақхананың жертөлесінде тергеді": атыраулық желтоқсан оқиғасының куәгері өз шындығын айтты
Жарияланған күні:

1986 жылғы желтоқсан оқиғасын көзбен көріп қана қоймай, оның бел ортасында жүргендердің бірі - атыраулық журналист, "Сарайшық" журналының әдеби редакторы Нұрым Ерғалиев. Журналист өз шындығын бөлісіп, қазақ жастарының алаңға қалай шыққанын KAZ.NUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
Бүгінде ұл-қыз өсіріп, немере бағып отырған Нұрым Ерғалиев 1986 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетінде 5-курста оқып жүрген.
"Желтоқсанның сол ызғарлы күнін елестетудің өзі қорқынышты. Біздің курстағы студенттердің біразы пәтер жалдап тұратын. Мен де жалдамалы үйде тұрдым. 17 желтоқсан күні түскі уақытта сабаққа барсам, аудитория бос. Курстасым Үрлай Рысбаевадан өзге ешкімді көрмедім. Сұрай келе білгенім - студенттердің барлығы Л.И.Брежнев атындағы алаңға кетіпті" ,- дейді Нұрым Ерғалиев.
Айтуынша, 16 желтоқсандағы қысқа пленумда Дінмұхамед Қонаевтың қызметінен босатылып, орнына сырттан келген адамның тағайындалып жатқанын сұрастырып біледі. Осы бір хабар қазақ жастарының алаңға шығуына түрткі болған.
"Біз де курстастарымызды іздеп қайтайық деген оймен орталық алаңға бет бұрдық. Ол жерде халық көп жиналған екен. Әсіресе қолдарында плакат ұстаған жастар көп. Онда "Лениндік ұлт саясаты жасасын!", "Әр ұлтты өз көсемі басқарсын!" деген жазулар бар. Бір топ студенттер Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" әнін шырқап тұрды. Алаңға жиналғандардың саны сағат сайын көбейе түсті. Нағыз дүрбелең түнге қарай басталды. Өйткені алаңға жұмыс жасайтын жастар жиналды" ,- дейді Ерғалиев.
Кейіпкердің айтуынша, сол кезде алаңға шыққан жұмысшы жастар жоғары оқу орнына түсе алмағандықтан құрылыс мекемелерінде ауыр жұмыс істеп жүрген. Олардың бәрінің пәтері болмаған. Отбасыларымен жатақханада, кейбірі тіпті қуықтай бөлме, тіпті тауық қора секілді үйшік жалдап жүрген.

"Бұл жайт қазақ жастарының намысына тигені рас. Бірақ алаңға жиналғандардың ешқайсысы жеке басының проблемасын қозғаған емес. Олар билік басына жергілікті адамды қоюды талап етті. Бірақ оларды арандатушы, бүлікші ретінде көріп, жастарды қалқанмен, резеңке сойылмен қаруланған арнайы мақсаттағы отряд тобы қоршады. Олар жастарды кері ығыстырады, ал олар қайтадан топ-тобымен алға ұмтылады. Осы кезде ұрып-соғу басталды. Өрт сөндіргіш машиналарымен жастарға су атқылады. Бұл жайт алаңдағы жастарды одан сайын ызаландырды. Мұның бәрі шындық" ,- деді дүрбелең куәгері.
Нұрым Ералиев сол күні кешке қарай тұратын үйіне жете алмай, жатақханаға әрең жеткен. Келесі күні студенттердің ешқайсысын шығармай, тергеген.
"Жатақханада бірнеше күннен кейін тергеу басталды. Ғимараттың жертөлесінде сұрақтың астына алды, алаңға барған-бармағанымызды тексерді. Маған: "Алаңнан кімді көрдің? Сен ән айтады екенсің? Алаңға неге бардың?" дегенді сұрақтарды орысша қойды. Мен орысша түсінбейтінімді, қазақша жауап беретінімді айттым. Бірақ тергеушілер қағазға жазып берген жауабыма қанағаттанбай, қайта-қайта жыртып тастап отырды. Кейін мені ректоратқа шақырып, тағы да бірнеше рет жауап алды. Тергеуге одан кейін де қайта-қайта шақырды. Сөйтіп, диплом алғанға дейін, яғни 1987 жылдың жазына дейін тергеуге барып жүрдім. Аллаға шүкір, оқуымды сәтті аяқтап, туған жерге оралып, қызмет етудемін. Біздің курстастарымыздың барлығы да абырой болғанда жазадан аман қалды" ,- деп аяқтады сөзін Нұрым ағай.
Еңбек жолын Нұрым Ерғалиев Балықшы аудандық "Каспий таңы" газетінен бастады. Кейін Құрманғазы аудандық газетінде, одан соң облыстық басылымға ауысты. Исатай және Махамбет аудандық газеттерінің бас редакторы қызметін атқарды.
Қазір "Атырау Ақпарат" медиа-холдингінің жанынан басылып шығатын "Сарайшық" журналының әдеби редакторы қызметінде. Баспасөздегі ұзақ жылдардағы еңбегі еленіп, былтыр "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051179-zataqxananyn-zertolesinde-tergedi-atyraulyq-zeltoqsan-oqigasynyn-kuageri-oz-syndygyn-aitty/