"4 адам жараланды": Алматы облысында жеке тұрғын үйлерде газ жарылды (фото)
Жарияланған күні:
Алматы облысы Гүлдала ауылында екі жеке тұрғын үйде газ жарылып, төрт адам зардап шекті. Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Оқиға бүгін таңғы уақытта орын алған.
"17 желтоқсан сағат 06:15-те Гүлдала ауылы Байтұрсынов көшесі 67 мекен-жайындағы және сағат 08:20-да Гүлдала ауылы, Сүйінбай көшесі, 34 мекен-жайындағы жеке тұрғын үйлерде газ-ауа қоспасының өршуінен газдың жарылуы орын алды.
Жарылыс салдарынан 4 адам зардап шекті. Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды. Жарылыстың алдын ала себебі – табиғи газ құбырындағы қысымның жоғарылауы мүмкіндігінен болуы болжамы бар. Нақты себебін анықтау үшін төтенше жағдайлар департаментінің анықтаушылары жұмыс жүргізуде", - деп мәлім етті Талғар аудандық әкімдігінің юаспасөз қызметі.
Орын алған жағдайға байланысты аудан әкімі Танат Айдарбеков оқиға орнына барып, зардап шеккен отбасылардың жағдайымен танысты.
Сондай ақ, Гүлдала ауылдық округі әкімінің аппаратына және аудандық төтенше жағдайлар бөліміне алдын-алу шараларын ұйымдастырып, тұрғын үйлерді аралап, тексеру жұмыстарын қолға алуды тапсырды.
Қазіргі уақытта "Тауекел-Н-Алғабас" газ шаруашылығы мекемесі Гүлдала ауылындағы тұрғын үйлерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051268-4-adam-zaralandy-almaty-oblysynda-zeke-turgyn-uilerde-gaz-zaryldy-foto/