Мәжіліс спикері "Алтын тұғыр" сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысушыларға президенттің құттықтауын жеткізді
Жарияланған күні:
Елордада AMANAT партиясының қолдауымен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған "Алтын тұғыр – 2023" ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Осымен оныншы рет ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада ел ішінде, халықаралық жарыстарда топ жарған спортшыларға құрмет көрсетілді.
Алдымен мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Алтын тұғыр" сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.
"Бұл – ұлттың келешегі, ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Төл өнерімізде қазақтың тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі түгел көрініс тапқан. Ұлттық ойындарымыз халқымыздың отаншылдық, адалдық, жауапкершілік, қайсарлық, ептілік сияқты қасиеттерінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына септігін тигізіп келеді. Ұлы даланы дүбірлеткен көшпенділер мәдениетін заман талабына сай бейімдеп, жаңғырту ұлтымыздың болмысын және бірегейлігін сақтауға ықпал етеді. Осы орайда ұлттық ойындарға жанашырлық танытып, оны дәріптеп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін", – делінген мемлекет басшысының құттықтауында.
Өз сөзінде партия төрағасы мемлекет спорт саласын өркендетуге мейлінше назар аударып, қамқорлық танытып келе жатқанын атап өтті.
"AMANAT партиясы да ұлттық құндылықтарымызды,ұлттық спортымызды жаңғыртып, дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Тіпті, партияның тұғырнамасы мен сайлауалды бағдарламасында бұл сала негізгі басымдық ретінде көрсетілген.
Бүгінгі "Алтын тұғыр" байқауы да біздің партиямыздың қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ұлттық спорт дегеніміз – қазақтың жаны, қазақтың рухы. Ал оған қамқорлық жасау халқымыздың алдындағы перзенттік борышымыз деп білемін", – деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, ол келесі жылы елімізде өтетін бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойынын ұлттық рухымызды көтеретін тарихи оқиға екенін айтып, 100-ден аса мемлекеттің спортшылары бас қосатын әлемдік доданың табысты өтетініне сенім білдірді.
Марапаттау рәсімінде туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов сөз сөйлеп, жеңімпаздарға ұлттық сыйлықты табыс етті.
Осылайша, "Алтын тұғыр" ұлттық сыйлығы "Көкпар", "Бәйге", "Дәстүрлі садақ ату", "Аударыспақ", "Жамбы ату", "Теңге ілу", "Асық ату", "Тоғызқұмалақ", "Құсбегі" және JORYQ сынды 10 аталым бойынша үздік спорт саңлақтарына берілді.
Атап айтқанда, "Көкпар" аталымы бойынша сыйлықты Қазақстанның 13 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы "Әулие ата" көкпар командасы иеленді.
"Аударыспақ" аталымында сыйлыққа 70 келі салмақта тұңғыш әлем чемпионы Мұхаметжан Сайлау лайық деп танылды.
"Жамбы ату" аталымында Қазақстан чемпионы, Әлем кубогінің күміс жүлдегері, Жастар арасындағы Әлем чемпионы Батыр Бексауыт марапатталды.
"Теңге ілу" аталымы бойынша сыйлық Азия және Қазақстан чемпионы Бекнұр Серіковке бұйырды.
"Асық ату" аталымында сыйлықты Қазақстан және Еуропа Кубогінің иегері, ұлттық спорт түрлері фестивалінің жеңімпазы Павлодар облысының құрама командасы алды.
"Дәстүрлі садақ ату" аталымы бойынша Әлем Кубогінің екі дүркін, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Аяулым Аппазова марапатталды.
"Тоғызқұмалақ" аталымы бойынша сыйлық Азия чемпионы Жанат Қаймолдинге табысталды.
JORYQ аталымы бойынша сыйлықты "Ұлы дала жорығы –2023" марафон-бәйгесінің жеңімпазы Жетісу облысының командасы иеленді.
"Құсбегі" аталымы бойынша сыйлықты халықаралық турнирдің жеңімпазы Арманбек Күнтуған алды.
"Бәйге" аталымы бойынша сыйлық республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Бекзат Ділдахан және "Секрет" есімді тұлпарға берілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051994-mazilis-spikeri-altyn-tugyr-syilygymen-marapattau-rasimine-qatysusylarga-prezidenttin-quttyqtauyn-zetkizdi/