Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұмсалған ақша қайда кетті": "Алтын Ордада" салынып жатқан кешенге қатысты шу шықты

Опубликовано:

Алтын орда базары
Алтын орда базары. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматыдағы атышулы "Алтын Орда" базарының кәсіпкерлері тағы шу шығарды. 300-ден астам саудагер жаңа салынып жатқан сауда кешеніне қатысты наразылық білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Саудагерлердің бірі — 14 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысатын Айгүл Нұржауова. Тапқан-таянғанын балаларынан аямайтын келіншек жаңа павильоннан орын алу үшін 10 млн теңге қаражат құйған.

"Өткен жылы қазан айынан бастап бізге жаңа павильонда орын сатылады деген әңгіме шығып, біз соған ақша құйдық, әркім әртүрлі сомада. Біреу 5 млн, біреу 10 млн. Өз басым 10 млн құйғам, жылы жерде тұрайық деп. Қазір көріп тұрсыздар, қандай суықта тұрып жатырмыз. Өз орнымызды алсақ деп талап қоямыз", - дейді Айгүл Нұржауова.

Кәсіпкерлердің бас ауруына айналған сауда нысанының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған екен. Аумағы 28 мың шаршы метр. Саудагерлердің айтуынша, бұл жерден орын алу үшін 2 млрд теңге қаражат жұмсаған. Ал құрылыс қысқа дейін аяқталуға тиіс болған. Алайда басшылық ауысып, жаздан бері тұралап қалған.

Олардың сөзінше, бұрынғы директор Данияр Әлпиев алған ақшасын қайтармақ түгілі, келісімшарт та жасаспаған.

"Мен үш бутик алдым. Жалпы мөлшермен 20 миллиондай құйдым. Келген кезде бағасын 12 миллион деді. Келісімшарт сұрап едік, чек берді де, келісімшартты "әне береміз", "міне береміз" деп, сол күйі бермеді", - дейді кәсіпкер Әлима Нұрмұхаммед.

300-ден астам кәсіпкер әр орынға кемі 7 миллион теңгеден құйған. Одан бөлек, жердің иесіне төленетін ай сайынғы жалдау ақысы бар. Олар ауданның полициясына да шағымданған. Бірақ нәтиже жоқ.

"Қылмыстық іс қозғалды, бірақ баяу жүріп жатыр. Бұл жерде кішігірім іс емес, бұл жерде тергеу тобы құрылу керек еді. Негізі тергеу тобында екі-үш тергеуші болу керек еді. Сондықтан тергеуге көңіліміз толмай отыр. Өйткені ақша қайда кеткенін білмей жатыр. Жұмсалған ақша қайда кетті? Әлпиев ешқандай түсініктеме бермейді", - дейді адвокат Бауыржан Рахалиев.

Күнделікті шай-пұлының ақысын осы жерден тауып жүргендер енді қайда барарын білмей дал. Ал жаңа келген басшылық құрылысты жалғастыруға қайта кірісіп жатқанын айтады.

"Бұл жұмыс не үшін созылды, бұш жерде алдында "Алдан строй" деген құрылыс компаниясы болды. Негізі техжоспар бойынша жұмыс атқарылмады. Олармен келісімшарт бұзылып, жаңа құрылыс компаниямен кірді. Енді сол компания техжоспарымен алдағы уақытта құрылысты дер кезінде бітіруге өз үлесімізді қосамыз", - дейді "Алтын орда" базары атқарушы компаниясының заңгері Ізбасар Өтеулин.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052026-altyn-ordada-salynyp-zatqan-kesenge-qatysty-su-syqty/

pixel