2024 жылы Алматы – Эр-Рияд бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылады
Жарияланған күні:
Қазақстан мен Сауд Арабиясы Алматы – Эр-Рияд бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу туралы уағдаласты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Сыртқы істер министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство хабарында тиісті шешімге Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Қазақстан-Саудия Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысына қатысу үшін Сауд Арабиясына сапары шеңберінде қол жеткізілгені айтылады.
Елдер арасындағы рейстерді Сауд Арабиясының FlyNas әуекомпаниясы 2024 жылдың көктем-жаз маусымынан бастап аптасына 7 рейс жиілігімен орындайды.
СІМ сайтындағы мәліметке қарағанда, үкіметаралық комиссия жұмысы аясында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған.
Бұл іс-шаралар қорытындысы бойынша үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысының хаттамасына, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкі мен Сауд Арабиясының Экспорттық-импорттық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып отыр.
Қол қойылған хаттамаға сәйкес, тараптар келесі жылдың басында қазақстандық стартап-жобаларға Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін және Қазақстанның IT мемлекет ретіндегі елдік брендін ілгерілетуге ықпал ететін бірлескен инновациялық хаб ашуға ниетті.
Айта кетейік, Эр-Рияд – Сауд Арабиясының астанасы әрі негізгі қаржы орталығы. Қала елдің қақ ортасындағы шөлді үстіртте орналасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052035-2024-zyly-almaty-er-riyad-bagyty-boiynsa-tikelei-aue-reisi-asylady/