Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Неге емін-еркін кіргіземіз": депутат Ресейде тыйым салынған сүт өнімдері елімізде сатылып жатқанын айтты

Опубликовано:

Ерлан Сайыров
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров. Видеодан кадр: Үкімет сағаты

Бүгін үкімет сағатында депутат Ерлан Сайыров Қазақстанға емін-еркін кіріп жатқан шетелдік тауарлар мәселесін көтеріп, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке сұрақ қойды. Депутат Ресейдің өзінде тыйым салынған сүт өнімдерінің Қазақстанның сауда орындарында сатылып жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Үкімет сағатында баяндама жасаған сауда және интеграция министріне мәжіліс депутаттары Қазақстанда импорт тауарларының көбейіп кеткені жайлы сұрақ қойды.

Осы орайда депутат Ерлан Сайыров Украина тауарларын кіргізбей отырған Еуропа елдерін мысалға келтіріп, Қазақстанға басқа ел тауарлары емін-еркін кіріп жатқанына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, шетелдік тауарлар Қазақстанға демпинг (тауар және қызметті жасанды төмен бағамен сату - ред. еск.) жасауда.

"Мен сізге Еуропа елдерінен бір-ақ мысал келтірейін. Мәселен, қазір Украинаны бүкіл Еуропа елдері саяси тұрғыда қолдап отыр. Бірақ Украинаның тауарларын Чехия, Словакия, Польша Еуропаға кіргізбей отыр. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазір Еуропада осы мәселе бойынша сауда жанжалдары болып жатыр.

Ал неге біз Қазақстанға басқа елдерің тауарларын емін-еркін кіргіземіз? Сол тауарлар жай кірмейді, Қазақстанға демпинг жасап жатыр. Ал Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейге тауарын кіргізе алмайды, себебі олар Қазақстанның тауарларына техникалық барьер қойып отыр. БҚО немесе Ақтөбе облысының ет өнімдерінің Ресейге кіргенін көрдіңіз бе, көрмейсіз. Өйткені олар кіргізбейді. Ал неге біз мемлекетімізді ашық алаңға айналдырамыз?", - деді Ерлан Сайыров.

Сондай-ақ депутат министрден ресейлік сүт комбинатының өнімін елде сату қаншалықты заңды екенін тексеруді сұрады. Себебі оның сөзінше, аталған тауарларды Ресейдің өзінде сатылымға шығаруға тыйым салынған.

"Бұдан да сорақысы - Ресейдің Юговской сүт комбинатының өнімдеріне сол елдің өзінде сауда орындарына және оқу орындарына жеткізуге тыйым салынған. Ал бұл өнімдер Қазақстанның барлық сауда орындарында тұр. Осы өнімдер неге тыйым салынған, өйткені халықтың денсаулығына зиян деп отыр. Неге біз оны Қазақстанға кіргіземіз? Сіздер осы жөнінде тексеру жүргізесіздер ме? Біз тек ұлттық өндірушілердің мұң-мүддесін орындай алмай отырған жоқпыз, біз халқымыздың денсаулығына зиян келтіріп отырмыз. Осы мәселе жөнінде сіздер қандай нақты шаралар қолданып жатырсыздар?", - деп сұрақ қойды Арман Шаққалиевке депутат.

Министр Арман Шаққалиев жыл басында шетелдік тауарлардың елге кіргізілуін қадағалайтын ахауалды штаб құрылғанын айтты.

"Бізде бақылау жағынан 18 мың адам бар. Жыл басында ахуалды штаб енгіздік. Оған бүкіл тексеретін органдарды кіргіздік. Тауар кірген кезде не істеу керек, қалай зерттеу керек, үлгілерді талдап алуды нақты білеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігінде зертхана болмаса, өзіміздің әріптестерге немесе Денсаулық сақтау министрлігіне беру мүмкіндігін қарастырдық.

Ал техникалық кедергілерге келер болсақ, ол сапа және қауіпсіздікке байланысты қойылады. Оған зерттеу хаттамалары керек. Ол жағынан біз нақты 85 тауар позициясын келесі жылғы жоспарға енгіздік, кірген кезден тауардың нақты үлгісін тексеретін боламыз. Бірінші жартыжылдықта мен сізге тағы да қосымша есеп бере аламын. Нақты қандай өнімді ұстап алдық, қандай өнімді кіргізбегеніміз жайында", - деді Арман Шаққалиев.

Ал Юговской сүт өнімдерінің Ресейде сатылуына тыйым салынғаны рас болса, министр ешқандай зертханалық тексеру жасамай-ақ, хаттаманы ресейлік әріптестерінен алып, аталған өнімдерге тыйым салатынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052444-setel-tauarlaryn-nege-emin-erkin-kirgizemiz-deputat-reseide-tyiym-salyngan-sut-onimderi-elimizde-satylyp-zatqanyn-aitty/

pixel