Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Адамдарға сатылайын деп жатқанда айттым": Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары табылды (видео)

Опубликовано:

Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары
Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары. Видеодан кадр: 24.kz

Қазақтың "күш атасы" Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары 100 жылдан бері жеке адамдардың қолында жүрген. Тарихи жәдігер бүгін Ұлттық музей қорына табысталды, деп хабарлайды 24.KZ.

Қанжар даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі екен. Бұл – арабтың жамбия деп аталатын қаруы. Оған бұл қаруды заманында Стамбул қаласының әкімі Шағыр паша сыйға тартқан деген дерек бар.

Тілші мәліметінше, қанжарда арнайы естелік сөз жазылған. Мұнда араб және көне түрік-осман тілінде "Күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасов Мұқанға" деп жазылған. Екінші бетінде "Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл" деп жазылған. Түрік азаматының қазақ палуанына араб қанжарын беруінің де өзіндік себебі бар.

Мұқан белдесулерінің бірінде Нуруллах есімді түрік балуанын жеңеді. Оған риза болған Стамбұл әкімі Қажымұқанға құрмет көрсетеді. Тіпті бірге қажылық жасауға шақырған екен. Қанжар – сол сапардың естелік сыйлығы. Бұл жайлы жәдігерді тапқан Ардақ Назаров айтты.

"Осы қанжар маған көрсетілді. Содан кейін белгілі бір адамдарға сатылайын деп жатқан жерінен, қолды болып кетейін деп жатқан жерінен мен айттым жоқ бұл қазақ еліне келгеннен кейін музейде тұруы керек. Оны біздің ұрпақтарымыз көру керек. Және ол тарихи жәдігер елге қайту керек, ол – халықтыкі", - деді парламент мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров.

Телеарна дерегінше, ғалымдар джамбияны 111 жыл бұрын Иемен шеберлері жасаған деген тұжымыға келген. Оған қанжардағы "1330 жыл" деген сөз дәлел. Бұл - хижра жыл санауымен жазылған уақыт. Шамамен өткен ғасырдың оныншы жылдарымен сәйкес келеді.

"Қару-жарақ зерттеуші ғалым ретінде сараптама жұмысына қатыстым. Музей бізді мамандарды шақырды. Соның бәрінде 2 рет отырдық. Сонда оның жанағы тарихи дәлдігіне көзіміз жетіп, куәлігімізді бердік. Бұл - енді тарихи дүние", - дейді этнограф-ғалым Қалиолла Саматұлы.

25 желтоқсанда қару Ұлттық музей қорына салтанатты түрде табысталды. "Құнды жәдігердің жеке қолдан музейге өтуі ұлт тарихы үшін елеулі оқиға" дейді жиынға қатысушылар. Сонымен қатар музейде балуанға тиесілі 26 зат сақтаулы екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052547-adamdarga-satylaiyn-dep-zatqanda-aittym-qazymuqan-munaitpasulynyn-qanzary-tabyldy-video/

pixel