"Тәулігіне 25 млн теңгеге шығындалып жатыр": МКК Қазақстан-Қытай шекарасындағы жүк көліктеріне қатысты жайтқа пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русскомМемлекеттік кірістер комитеті "Нұр жолы" кеден бекетінде қазақстандық кәсіпкерлердің жүк көліктері 11 күннен астам Қытай шекарасынан өте алмай жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Атамекен" ҰКП сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Нұр жолы" кеден бекетінде ондаған автокөлік, оның ішінде қазақстандықтардың тауар тиелген жүк көліктері 11 күннен астам қоғалыссыз тұр.
Кептеліс Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан тауарды бері шығаруға мақұлдамағанына байланысты туындаған.
"Кәсіпкерлер түсірген шағымдарда себептері түсіндірілмей Бас диспетчерлік басқармасы өкілдерінің ауызша айтуымен тауарларды шығару мерзімі 1-2 аптаға дейін созылып жатқаны баяндалған. Кейде жүк көліктері кедендік тексеруден қайталап өтуге мәжбүр болған", – деді "Атамекен" ҰКП басшысының орынбасары Тимур Жәркенов.
Оның айтуынша, осы жағдайға тап болған тасымалдаушы компаниялар кедендік рәсімдеу, тоқтап қалу, шарттық міндеттемелерді орындамау және т.б. кедергілерге байланысты шыққан шығындарды өздері өтеп жатыр.
"Атамекен" ҰКП дерегінше, қазіргі таңда компаниялардың біріне тиесілі 17 жүк көлігі шекарада қозғалыссыз тұр. ЖШС басшылары Бас көлік прокуратурасына жазған шағымында көліктер қозғалыссыз тұрғанның салдарынан компания тәулігіне 25 млн теңгеге шығындалып жатқанын айтты.
Мемлекеттік кірістер комитеті жағдайға қатысты пікір білдірді.
Ведомство "Нұр жолы" кеден бекетінде ірі көлік кептелісі жоқтығын мәлімдеді.
"Тауар айналымы мен өткізу қабілетін арттыру мақсатында "Нұр жолы" кеден бекеті тәуліктік жұмыс режиміне ауысты", – деді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ МКК өкілдері Қазақстан-Қытай шекарасындағы ірі көлік кептелісі туралы ақпаратты жоққа шығарып, барлық кеден бекеті штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автокөлік өткізу пункттері 16-17 желтоқсанда және 2024 жылғы 1-2 қаңтарда жұмыс істемейтіні туралы хабарланған болатын.
"Екі мемлекет арасындағы келісімге сәйкес, 2023 жылғы 16-17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін және 2024 жылғы 1-2 қаңтарда Жаңа жылды мерекелеуге байланысты Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдары мен жүктерді өткізу жүзеге асырылмайтынын хабарлаймыз", – деді комитет өкілдері.
Сонымен қатар Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052571-tauligine-25-mln-tengege-sygyndalyp-zatyr-mkk-qazaqstan-qytai-sekarasyndagy-zuk-kolikterine-qatysty-zaitqa-pikir-bildirdi/