"Негізгі импорттаушы – Қытай": биыл Қазақстанда отшашуға сұраныс артқан
Жарияланған күні:
2022 жылмен салыстырғанда биыл елге 71,8 тоннаға көп пиротехникалық заттар импортталған. Мемлекеттік кірістер комитеті ресми сайтында елімізге тұрмыстық пиротехникалық заттардың импорты туралы қызықты статистиканы бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қаңтар-қараша айлары аралығында елімізге жалпы салмағы 231,1 тонна болатын, құны 663,9 мың АҚШ долларын құрайтын отшашу импортталған. Олар: петардалар, фонтандар, отшашу батареялары, бенгаль оттары, түрлі-түсті түтіндер, жер үсті отшашулары және басқа да тұрмыстық пиротехникалық заттар", - делінген комитет хабарламасында.
Комитет мәліметінше, негізгі импорттаушы ел – Қытай болса, Германиядан, Ұлыбританиядан және АҚШ-тан отшашу аз мөлшерде әкелінген.
2022 жылмен салыстырғанда биыл елге 71,8 тоннаға көп (құны 215,0 мың АҚШ долларына тең) пиротехникалық заттар импортталған.
Былтыр қаңтар-қараша айларында Қазақстанға жалпы салмағы 159,4 тонна, құны 448,9 мың АҚШ доллары болатын отшашу жеткізілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052762-negizgi-importtausy-qytai-biyl-qazaqstanda-otsasuga-suranys-artqan/