Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2023 жылы өмірден озған атақты қазақстандықтар

Опубликовано:

Ақжол Мейірбеков, Бердібек Сапарбаев, Дархан Жүнісбеков
Фото: instagram.com/saparbayev_bm / instagram.com/akzholmeirbekov / instagram.com/d.juzz

2023 жылы өмірден өткен қазақстандықтардың арасында ел ықыласына бөленген танымал тұлғалар, мемлекет қайраткерлері, өнер иелері аз болмады. Қазақ елі бірқатар ардақты азаматынан айырылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі ел есінде қалған азаматтарды еске түсіруді жөн көрді.

Сенат депутаты – Гүлмира Кәрімова

Гүлмира Кәрімова
Гүлмира Кәрімова. Фото: gov.kz

Биыл 26 қаңтарда сенат депутаты Гүлмира Кәрімова кенеттен көз жұмды. 14 қаңтардағы сенат депутаттары сайлауының қорытындысы бойынша депутаттыққа сайланған. Ал қаңтардың 25-і ресми түрде сенат депутаты болып тіркелген еді. Алайда келесі күні, 26 қаңтарда Гүлмира Кәрімова өмірден озды.

Сенаттың баспасөз қызметі депутат анафилаксиялық шок салдарынан қайтыс болды деген мәлімет берген. Бірақ Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, өлімге жедел миокард талмасы себеп болғанын хабарлады.

Бұған дейін марқұм 2021 жылдың қыркүйегінен бастап Петропавлда Білім министрлігі мектепке дейінгі әрі орта білім комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген.

Гүлмира Раинбекқызы 1977 жылы тамыздың 13-і Петропавл қаласында туған.

1998 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2008 жылы қаржыгер мамандығы бойынша Көкшетау университетін бітірген.

2016 жылы болса "педагогикалық білім беру" бағыты бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 1998 жылы Петропавл қаласындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Одан соң Петропавлда, кейін Солтүстік Қазақстан облысында мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, кейіннен оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Жалпы білім беру саласында шамамен 25 жылдық тәжірибесі болған.

Композитор – Арман Дүйсенов

Арман Дүйсенов
Арман Дүйсенов. Фото: instagram.com/indiraelemes

Қаңтардың 24-і танымал отандық композитор, продюсер, сазгер Арман Дүйсенов өмірден өтті.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Алматы орталық мешітінде өткен.

Арман Дүйсенов 1974 жылы Батыс Қазақстан облысы Оралда дүниеге келген. Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заманымыздың дарынды композиторы, продюсер әрі тележүргізуші.

Еңбек жолын 1990 жылы Павлодар қаласында өткен 11-ші республикалық жас орындаушылар байқауында жеңіске жеткеннен кейін бастады. 

Арман Дүйсенов әлемнің классикалық, эстрадалық музыка, фольклорлық этнография сынды бірнеше кәсіби музыкалық салада білім алып, заманауи композиторлардың бірі бола алды. Сондай-ақ ол көптеген фильмге музыка жазды. Оның ішінде "Сүйінші", "Теміртау көктемі", "Ақ сұңқар" және т.б. туындылар бар.

Оған қоса Дүйсенов 2014 жылы маэстро EMA Muzzone нұсқасы бойынша, 2015 жылы "Астана Жұлдызы" нұсқасы бойынша жылдың үздік композиторы атағына ие болды.

Композитор "Мәдениет қайраткері" төсбелгісімен марапатталған.

Әнші әрі композитор – Сейіл Аяған

Сейіл Аяған
Сейіл Аяған. Фото: instagram.com/kaz_music_01

Танымал әнші әрі композитор Сейіл Аяған да 25 ақпанда 52 жасында дүниеден озды.

Сейіл Аяған Төлеубек Жақыпбекұлының "Жас қалам", Тұманбай Молдағалиевтың "Қоштасу", Қонысбай Әбіловтың "Бала махаббат", Ақұштап Бақтыгерееваның "Жіберілген хат" (әні - Шәмші Қалдаяқов), Болат Сыбановтың "Таң самалы" сынды қазақ эстрадасында классикаға айналған бірқатар әннің орындаушысы.

Ғалым, профессор, академик – Әбдімәлік Нысанбайұлы

Әбдімәлік Нысанбайұлы
Әбдімәлік Нысанбайұлы. Фото: Ғылым Ордасы

Белгілі қазақстандық ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының (ҚР ҰҒА) академигі Әбдімәлік Нысанбайұлы 21 ақпан күні қайтыс болды.

Ол 570-тен астам ғылыми, ғылыми-сараптамалық, ғылыми-әдістемелік еңбектер жазған. Оның ішінде 30 монография, жеке кітаптар мен оқу құралдары бар. Сондай-ақ бірнеше еңбегі 25 тілде жарық көрген.

Әбдімәлік Нысанбайұлы 1937 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қарауылтөбе ауылында жарық көрген.

Әр жылдары "Философия ғылымдарының докторы", "Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылым академиясының академигі", "Украина саясаттану ғылым академиясының академигі", "Бішкек Аймауытов атындағы халықаралық ғылым академиясының академигі", "Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі" ғылыми атақтарына ие болды.

Қазақстандық музыкант – Darkhan Juzz

Дархан Жүнісбеков
Дархан Жүнісбеков. Фото: instagram.com/d.juzz

Ақпанның аяғында Darkhan Juzz лақапатымен танымал қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбеков қайтыс болды.

Ол Таиландтағы Пхукет аралында жол-көлік апатынан қаза тапты. СІМ өкілдерінің сөзіне сенсек, қайғылы оқиға алдында Дархан жалға алған мопедпен жүрген.

Оның денесі 28 ақпанда елге жеткізіліп, Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Дарханның артында әйелі мен бала-шағасы - ұлы Әди мен қызы Айдана қалды. Осыған байланысты Ozen лейбл өкілдері әртіске тиесілі барлық әнінің құқығы ұл-қызына қалдырылғанын хабарлады. Сондай-ақ лейбл өкілдері стримиңнен түскен қаражаттың 100 пайызы Дарханның отбасына жіберіліп отыратынын қосты.

Дархан Жүнісбеков 1990 жылы тамыздың 9-ы Алматыда дүниеге келді. 14 жасынан бері шығармашылыққа қызығушылығы оянған, бірақ бірден шығармашылық жолын қуалаған жоқ. Өзінің сөзінше, жастық шағында бір қызметте түрлі себеппен ұзақ тұрақтай алмаған соң бірнеше рет жұмыс орнын ауыстырған.

2021 жылы Darkhan Juzz Forbes Kazakhstan журналында жыл сайын басылатын, болашағы зор 30 жас қазақстандық тізіміне кірді. Бұл тізім тұлғаның журналда қаншалықты жиі басылып шығатынына, сарапшылардың ұсынысына әрі басылымның жеке дереккөздеріне сүйеніп құрылады.

Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі – Лидия Ашрапова

Лидия Ашрапова
Лидия Ашрапова. "Шабандоз қыз" фильмінен үзінді: youtube.com/@kazakhfilmstudios

Сәуірде қазақтың сәулелі әртісі – Лидия Ашрапова бақилық болды. Ол көпшілікке "Шабандоз қыз" музыкалық фильмнің басты жұлдызы ретінде танылған. Фильм премьерасы 1955 жылы 27 маусымда болды және тарихымыздағы тұңғыш қазақ фильмі болып саналады. Лидия Ашрапова да даңқты ғалымымыз Әбдімәлік Нысанбайұлы сияқты әдемі қартайып, 88 жасында дүниеден озды.

Ашрапова Лидия Леонтьева 1935 жылы 26 тамызда Якутиядағы Ямга ауылында дүние есігін ашты. 1952 жылы Ташкенттегі хореографиялық училищені аяқтап, "Қазақфильм" киностудиясының актрисасы ретінде таныла бастайды.

1990 жылдары жолдасы Асхат Ашраповпен бірге Ресейдің Подмосковье аймағына көшеді. Өмірінің соңғы кезеңдерін Қырымда науқас күйеуіне қамқорлық көрсетіп өткізеді. Лидия Ашрапова Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. Ол 1955 жылы Павел Боголюбовтің "Шабандоз қыз" кинокартинасында басты рөлде ойнаған.

Оған қоса Лидия Ашрапова "Атаманның ақыры", "Тақиялы періште", "Қыз Жібек" фильмдеріне түсіп, басым бөлігінде басты рөлдердің бірін ойнаған.

Айтыскер ақын, журналист – Серік Қалиев

Серік Қалиев
Серік Қалиев. Видеодан кадр: instagram.com/serik_kaliev

Қазақстандық айтыскер ақын әрі журналист Серік Қалиев сәуірдің аяғында қайтыс болды.

Ол 1961 жылы 16 тамызда Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген. 1983-1995 жылдары аралығында облыстық және республикалық деңгейде өткен бірқатар ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

"Жұлдыз - сезім", "Ақ моншақ", "Егіздің сыңары", "Ашық хат" атты өлең жинақтары басып шығарылған.

Журналист, оппозиция өкілі, саясаткер – Жасарал Қуанышалин

Жасарал Қуанышәлин
Жасарал Қуанышәлин. Фото: facebook.com/zhasaral.kuan

Мамырда қоғам қайраткері, журналист, оппозиция өкілі, саясаткер Жасарал Қуанышәлин 74 жасында инсульт алып, өмірден озды.

Ол 1949 жылы 7 сәуірде Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданында дүниеге келген.

1994-1995 жылдары Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты қызметін атқарған. Одан соң оппозицияға ауысқан. Соңғы жылдары жақтастарымен партия құруға талпынған, дегенмен Әділет министрлігі оны мемлекеттік тіркеуден бас тартқан.

1991 жылы қазаннан бастап - Бірінші съезде Қазақстанның "Азат" азаматтық қозғалысы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды.

1994−1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Конституциялық заңнама мен адам құқықтары комитетінің мүшесі.

1998−1999 жылдары - Ақтөбе облыстық демография және көші-қон басқарма бастығының орынбасары.

1999 жылы - Ақтөбе облыстық мұрағаттың директоры.

1999-2003 жылдары - Ақтөбе облысы ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының басшысы.

Параспортшы – Малика Мұхтарова

Малика Мұхтарова
Малика Мұхтарова. Фото: instagram.com/muktarova_malika

15 мамырда отандық параспортшы Малика Мұхтарова қайтыс болды.

Малика бала кезінен бері "Балалардың сал ауруы" диагнозы қойылғанына назар аудармай, алғырлығымен 2015 жылы спорттық бал биінен Қостанай облысының бес дүркін чемпионы атағына жеткен.

Ал 2016 жылдан бастап халықаралық байқауларға қатыса бастаған.

Сол жылдың қыркүйегінде ол Санкт-Петербургте өткен жарыста арбада отырып билеуден әлем кубогының қола жүлдегері, қарашада Тайваньда өткен Азия чемпионатында арбада отырып билеуден Азия чемпионы бола алды. Сондай-ақ ол Азия чемпионаты кезінде қоржынына екі алтын мен бір қола медаль салған.

2017 жылы маусымда Малика Қазақстан чемпионы атанды. Сол жылдың 20-23 қазанында Бельгияда өткен әлем чемпионатында екі қола медаль еншілеген.

Кейін ол екі мәрте Азия кубогы кезінде чемпион атанып, екі мәрте әлем кубогының қола жүлдегері болған. Оған қоса қостанайлық параспортшы 2021 жылы Италияда өткен әлем кубогында күміс, 2022 жылы күзде Словакияда өткен әлем кубогында алтын медальға қол жеткізді.

Қазақстандық ақын – Қойшығұл Жылқышиев

Қойшығұл Жылқышиев
Қойшығұл Жылқышиев. Фото: facebook.com/Қойшығұл Жылқышиев

Маусымның басында Қазақстанның ардақты ақыны, ақсақал Қойшығұл Жылқышиев 75 жасында дүниеден өтті.

Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысының Индер ауданында, дәлірек айтсақ, Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында туған.

Ол 1975 жылы ҚазМУ-де журналистика факультетін тәмамдады.

Әр жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет еткен. Қазақстандық ақын "Өнерпаз" қоғамдық қайырымдылық қорының президенті әрі республикалық "Махамбет" қорының вице-президенті болды.

1978 жылғы "Тұңғыш", 1998 жылғы "Мұңкітап", 2001 жылғы "Асаукер" атты жыр кітаптарының авторы.

Сондай-ақ Қойшығұл Жылқышиев 1996 жылы М. Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А. Байтұрсынов атындағы сыйлығына ие болған.

Ол Қазақстанның қоғам қайраткері, режиссер әрі продюсер Лұқпан Есеновпен бірге "Тамаша" ойын-сауық отауын ашқан. Осыған байланысты оған авторлық куәлік берілген. Оған қоса марқұм ақын Махамбет атындағы сыйлық лауреаты, ал 2003 жылы Қойшығұл Жылқышиевқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Соңғы лауазымы - Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры.

Қазақстандық саясаткер – Бердібек Сапарбаев

Бердібек Сапарбаев
Бердібек Сапарбаев. Фото: instagram.com/saparbayev_bm

Маусымның ортасында мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев 70 асып, 80-ге қадам басқан кезде дүние кешті. Ол ненің салдарынан қайтыс болғаны белгісіз.

11 маусымда Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарына шығарып салу рәсімі өтті.

Белгілі қазақстандық саясаткер 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында туған.

1771-1773 жылдары - Кеңес үкіметі әскерінің запастағы полковнигі.

1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын "Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозында қарапайым жұмысшы болып бастаған.

Әр жылдары Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары басқармасында экономист, ҚазССР қаржы министрлігінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары, Президент аппараты бөлімі мен министрлері кабинетінің істер басқармасының қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар ол Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімі болған.

Одан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, премьер-министрдің орынбасары, Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қаржы министрлігінің вице-министрі - кедендік бақылау комитетінің төрағасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі сынды лауазымды қызметтерде болған.

2020 жылдың 10 ақпанынан 2022 жылдың 7 сәуіріне дейін Жамбыл облысының әкімі болып қызмет етті. Соңғы қызметінде 2022 жылы "QazBioPharm ұлттық холдингі" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болған.

Атақты "Дос-Мұқасан" ансамблінің мүшесі – Александр Литвинов

Александр Литвинов
Александр Литвинов. Фото: instagram.com/dos_mukasan_official

Тамызда атақты "Дос-Мұқасан" ансамблі мүшесі әрі негізін қалаушылардың бірі Александр Литвинов оралмасқа сапар шекті. Көпшілікке топтың барабаншысы ретінде танылған.

Литвинов 75 жасында дүние кешті.

Александр Литвинов 1971 жылы Ташкентте өткен Бүкілодақтық халықтар достастығы фестивалінде бірінші орынға ие болды.

1973 жылы - Минскіде өткен Бүкілодақтық кәсіпқой орындаушылар байқауының лауреаты. Кейін сол жылы Берлинде өткен Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестивалінің алтын медалін иемдеген.

Ал 1974 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері атанды.

Айта кетейік, ансамбль қазақ, орыс тілдерінде жеке шығармашылық туындыларын, сондай-ақ қазақ халық әндерінің аранжировкасын жасап орындайды.

"Дос-Мұқасан" ансамблінің әншісі – Ақжол Мейірбеков

Ақжол Мейірбеков
Ақжол Мейірбеков. Фото: instagram.com/akzholmeirbekov

Қарашаның соңында "Дос-Мұқасан" ансамблінің әншісі Ақжол Мейірбеков өмірден өтті. Әртіс 73 жасында көз жұмды, өлімге не әкеп соққаны белгісіз.

Ақжол Мейірбеков 1950 жылы шілденің 7-сі ОҚО Арыс қаласында өмірге келді.

1978 жылы "Дос-Мұқасан" ансамбліне қабылданды, 1985-1994 жылдары болса Алматы облыстық филармониясының "Арқас", "Сазген", "Адырна" ансамбльдерінде өнер көрсеткен.

Әнші 1994-1996 жылдары "Гүлдер" ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болған. Ал 2001 жылы "Ақжол" ән-театрын құрды.

Қазақстанның тұңғыш кәсіпқой боксшысы – Есболат Нұрманов

Есболат Нұрманов
Есболат Нұрманов. Фото: facebook.com/Ғабиден Жәкей

Желтоқсанның соңында ызғарлы желмен бірге суыт хабар да келді. Кеңес заманының әрі тәуелсіз Қазақстан дәуіріндегі қазақтың тұңғыш кәсіпқой боксшысы Есболат Нұрманов көз жұмды.

Ол 1970 жылы 29 ақпанда Арал өңірінде дүниеге келген.

1987 жылы Ленин атындағы ҚазПТИ-ның гидрогеология, барлау техникасы факультетінде оқыған. 1990-ыншы жылдары кеден қызметінде жұмыс жасады.

Нұрманов бокспен жас кезінен бері қызығып, 17 жасында КСРО құрама командасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері бола алды.

Ал 1989 жылы 2-ші жеңіл салмақта КСРО чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Кәсіпқой бокста жалпы 7 жекпе-жек өткізді. Алғашқы кездесуін 1993 жылы 27 наурызда Украинаның Мариуполь қаласында израильдік боксшыға қарсы өткізген.

Соңғы жекпе-жегі болса 1995 жылдың 9 желтоқсанында литвалық боксшымен өткен.

Есболат Шарапұлы Нұрмановтың жаназасы желтоқсанның 5-і таңғы уақытта Талғарда орналасқан Биеке Батыр мешітінде шығарылды. Оның денесі Алматы облысы Талғар қаласында жерленді.

Қазақстандық театр және кино режиссері, актер – Асқар Наймантаев

Асқар Наймантаев
Асқар Наймантаев. Фото: instagram.com/askar.naimantaev

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино режиссері, актер, сатирик Асқар Наймантаев дүниеден озды.

Ол өмірінің соңғы кезеңдерінде созылмалы ауыр дертпен арпалысып өткен.

Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев 1965 жылы 17 маусымда Алматы облысы Нарынқол ауданында орналасқан Нарынқол ауылында дүниеге келді.

Фильм мұрағатының ішінде "Домашние войны", "Бастық боламын", "ОрыStar в Шымкентте", "Детектив әже", "Туысқандар", "Бұйымтай", "Өсекшілер", "Внуки в ауле" комедиялық сериалдар бар.

Актер Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманат", Бақытас Санитастың "Тезек" фильмдеріне түсіп, басты рөлдерді сомдаған.

Сондай-ақ "Қазақстан" Ұлттық арнасында сценарист, режиссер ретінде қызмет еткен.

Ал театр саласы бойынша Назым Хикметтің "Елеусіз қалған есіл ер", Ғабит Мүсреповтің "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Болашаққа аманат", Садықбек Адамбековтың "Аюбайдың ажалы", Баққожа Мұқайдың "Иірім", Бердібек Соқпақбаев пен Баққожа Мұқайдың авторлығындағы "Өлгендер қайтып келмейді", Оразбек Бодықовтың "Қарақұм трагедиясы", "Дала тұтқыны", "Қылмыстың аты қылмыс" және т.б. ондаған шығарманың сахнада қойылымдарын өткізген.

Әр жылдары "Тамаша", "Бауыржан шоу", "Аққу-Гәкку" театрларының авторы болды.

Осылайша 2023 жыл еліміздің бірталай белді тұлғаларын алып кетті. Ажал жасқа қарамайды. Күллі қазақ еліне орны толмас қайғы. Ардақты тұлғаларымыздың жатқан жері жайлы болсын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052960-2023-zyly-omirden-ozgan-ataqty-qazaqstandyqtar/

pixel