Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-дағы шалғай ауданда бір күнде үш мектеп қолданысқа берілді

Опубликовано:

БҚО-да жаңа мектептердің ашылуы
Фото: БҚО әкімдігі

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында үш бірдей жаңа мектеп ашылды. Нысандарды салтанатты түрде тапсыру рәсіміне аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысып, тұрғындарды мерекемен тұспа-тұс келген қуанышпен құттықтады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес, апатты жағдайдағы және үшауысымды мектептердің мәселесін шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірде барлық қаржыландыру көзінен 27 мектептің құрылысы қолға алынды. Соның ішінде 17 мектеп осы жылы пайдалануға берілді. Ал "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде құрылысы басталған 9 мектеп келер жылы тапсырылады.

БҚО-да жаңа мектептердің ашылуы
Фото: БҚО әкімдігі

Жаңа жыл қарсаңында Қаратөбе ауданының Шалғын, Ханкөл және Соналы ауылдарында жаңа білім мекемелері есігін айқара ашты. Ауданға іссапармен барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев алдымен Шалғын ауылына ат басын тіреді. Бұл шағын елдімекендегі бұрынғы мектеп 80-жылдары салынған. Шығармашылық және спорт залдары болмаған. Тозығы жеткен ғимарат бірер жыл бұрын көктемгі тасқын салдарынан әбден бүлінген еді. Енді мұндағы оқушылар сыры кеппеген жаңа нысанда білім алатын болды.

Бұл мектепте 41 оқушы оқиды. Мектепалды даярлық сыныбында 5 бала, ал шағын орталықта тағы 14 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Білім ордасында 22 педагог қызмет атқарады. Жаңа ғимаратта 10 оқу кабинеті бар. Атап айтқанда, біріктірілген химия-биология, физика-математика, қазақ-орыс және шетел тілдері, информатика кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар медициналық кабинет, екі шеберхана, шығармашылық және спорт залдары, асхана жабдықталған.

Жаңа мектеп
Фото: БҚО әкімдігі

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырғанын айтып өтті. Президентіміз өз сөзінде сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы екенін, сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет екенін айтты. Осыған орай біз тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізіп жатырмыз. Жаңа мектептер мемлекеттік бюджеттер есебінен ғана емес, ҚПО б.в. компаниясының әлеуметтік мақсаттағы аударымдары есебінен де салынып жатыр. Бүгін балалар үшін, ата-аналар мен ұстаздар үшін қуанышты сәт! Жаңа ғимаратта білім шаңырағының әр сағаты қызықты сабақтармен, таңғажайып жаңалықтарымен ұштассын!", - деді өңір басшысы.

БҚО-да жаңа мектептердің ашылуы
Фото: БҚО әкімдігі

Кейін Ханкөл ауылындағы мектептің ашылу салтанаты өтті. Бұл ғимаратта да балалар үшін қолайлы жағдай жасалған. Елді мекенде 81 оқушы бар. Оларға 28 ұстаз сабақ береді. Мектеп ішіндегі ыңғайлы жағдайдан бөлек, аулаға да спорт және ойын алаңдары салынып, балаларға мол мүмкіндік қарастырылған. Соналы ауылындағы мектептің үлгісі де дәл осындай. Ауданда бір күнде ашылған үш меткептің әрқайсы 60 орынға шақталып салынған. Шағын елдімекендердің тұрғындары қуанышқа кенеліп, алғысын білдірді.

"Ауданымызда іргелі істер атқарылып жатқанына куәміз. Үш ауылда қатар мектеп ашылуы үлкен жетістік. Біз өте қуаныштымыз. Балалардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалды. Ауылдық жерлер көркейе берсін!" - дейді Соналы ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Дәметкен Отарғалиева.

Жаңа мектеп
Фото: БҚО әкімдігі

"Өңірде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 16200 орынға арналған 18 мектептің құрылысы жоспарланған, оның 8100 орынға арналған 9 мектеп 2024 жылы пайдалануға беріледі. Қалған 9 мектепті 2025 жылға аяқтауды жоспарлап отырмыз. Баршаңызды келе жатқан жаңа жылмен құттықтай отырып, балаларымыздың білім нәрімен сусындап, ақылды азамат, отан сүйгіштік рухы мықты болуын тілеймін!" - деп түйіндеді облыс әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053243-bqo-dagy-salgai-audanda-bir-kunde-us-mektep-qoldanysqa-berildi/

pixel