Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мұндай жағдай жиі болады": атыраулықтар 12 сағат бойы жедел жәрдемге хабарласа алмаған

Жарияланған күні:

Атыраулықтар 12 сағат бойы жедел жәрдемге хабарласа алмаған
Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының қоңырау қабылдайтын "Көмек" қосымшасы істен шығып, тұрғындар 103 желісіне сағаттап хабарласа алмаған. Диспетчерлердің айтуынша, мұндай жағдайдың қайталануы бірінші рет емес. 4 жылдан бері жаңа қосымшаның кесірінен уақытылы шақыртуларға жете алмай жүрген "Жедел жәрдем" қызметкерлері KAZ.NUR.KZ тілшісіне жанайқайын жеткізді.

Ақ халаттылардың айтуынша, "Көмек" қосымшасының түн ортасына қарай істен шығу жағдайы соңғы уақытта жиілеп барады. Келіп түсетін қоңырауларды диспетчерлер компьютерге уақытында енгізе алмағандықтан, халықтан түскен шақыртуды қаламмен қағазға түсіріп, оны фельдшерлердің жеке телефондарына қоңырау шалу арқылы жеткізіп отырады. Ал кейде қоңыраулар компьютерге енгізілсе де, базадан жойылып кетіп отырады.

"Бұл күні облыста қызылша ауруының өршуіне байланысты шақыртулар әдеттегіден екі есе көп болды. Яғни, басқа уақытта тәулігіне 700-800 қоңырау түссе, бүгінде 1700-ден аса шақырту келді. Облыс аумағындағы "Жедел жәрдемге" түсетін барлық қоңырауды біз қабылдаймыз. Осының барлығын қолмен жазып қабылдадық. Бұрын бір батырмамен қоңырау қабылдап, бір батырмамен оны фельдшерлерге жолдап отырсақ, бағдарлама істен шыққан кезде бәрін қолмен жазуға тура келді. Әр фельдшердің жеке телефонына қоңырау шалып, қайда бару керектігін айтып отырдық. Ол әрине әдеттегіден көп уақытты алады. Ал кей тұрғындар бізге мүлдем хабарласа алмаған. Мұндай жағдай бізде жиі болады. Халықтың шағымдануы орынды",- дейді Ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлім меңгерушісі Анар Аубакар.

Жедел жәрдем диспетчерлері
Жедел жәрдем диспетчерлері. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Сол күні кезекшілік қызмет атқарған фельдшер Ботагөз Бағытжанованың айтуынша, "жаппай төбелес болып, арасында пышақ жарақатын алғандар бар" деген шақырту келген. Алайда аталған мекенжайға барған сәтте мәліметтерді енгізетін планшет істен шыққанын айтады.

"Әйтеуір "пышақ жарақаты" деген ақпарат жалған болып шықты. Тек 2 жігіт жеңіл жарақаттанған, оларды бірден ауруханаға жеткіздік. Осы шақыртуға барғанымыз туралы ақпаратымыздың барлығы қосымша істен шыққан кезде жойылып кеткен. Яғни, барған уақытымыз, көмек көрсеткен уақыт, жарақат алғандардың мәліметі базадан өшіп қалған. Ал ол жерде егер шынымен пышақ жарақаты болған жағдайда іс сотқа өтеді. Сол кезде бізден де жауап алынады. Біз әр қимылымызды секундына дейін көрсетуіміз керек. Яғни, бұл жерде айналып келгенде біз істі болуымыз мүмкін. Осындай жағдайлар біздің жұмысымызда жиілеп кетті", - дейді "Жетел жәрдем" станциясында 13 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан Ботагөз Бағытжанова.

"Көмек" қосымшасы Атырау жедел жәрдем станциясына 2019 жылы орнатылған. Осы 5 жыл ішінде қызметкерлер пайдасынан гөрі зиянын көп көргенін айтады. Ақаулар бойынша әкімдікке бірнеше рет хат, акт жіберілген. Алайда осы күнге дейін еш шара қабылданбапты.

"Барлық құжатты көтеріп, "Көмектің" бізге еш пайдасыз қосымша екенін дәлелдей аламын. Зардабын халық пен біз көріп отырмыз. Алдыңғы түні жүйеде ақау болғанын бірден құрастырушыларға жазғанбыз. Олар бізге он сағаттан кейін жауап берді. 12 сағаттан кейін ғана қосымшаны қайта іске қосты. Ал, бізге әр секунд маңызды. Өйткені, әр қоңыраудың артында адам өмірі тұр", - дейді Анар Аубакар.

Атырау облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Азамат Ерболовтың айтуынша, қалада вирустық инфекцияның өршуіне байланысты шақыртулар көбейіп, қосымшаның қуаты көтере алмай, жүйеде ақау пайда болған.

"Көмек" қосымшасымен проблемалар бар екені рас. Ақаулар жиі тіркеліп тұрады. Ол туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы да хабардар. Қазіргі уақытта ақау жөнделді, қызметкерлер қалыпты режимде жұмыс жасап жатыр. Алайда тұрғындар кейде болмайтын нәрсеге жедел жәрдем шақыртып жататыны да жасарын емес. Біздің қызметкерлер қоңырауларға 4 категория бойынша барады. Ең ұзақ дегенде 1 сағат ішінде қызмет көрсетеді, 4-ші категорияға вирустық инфекциялар жатады",- дейді Азамат Ерболов.

Жедел жәрдем көліктері
Жедел жәрдем көліктері. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Аталған жағдай туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы да пікір білдірді.

"Атырау облыстық жедел жәрдем станциясы Көмек бағдарламасымен 2019 жылдан бастап жұмыс атқарып келе жатыр. Осы күнге дейін техникалық ақаулары үнемі болып жатты, ол жөнінде өкілетті органдарға жазылды, кейбір кемшіліктері жасалды, кейбірі сол жағдайында қалды. Бір түнге бүкіл бригаданың планшеті істеп шығып, мүлдем байланыссыз қалды. "Көмек" бағдардамасының осы кемшіліктері өңірдегі халыққа қызмет көрсетуде жедел жәрдем жұмысына қиындықтар туғызып, жалпы жұмысын төмендетіп, денсаулық сақтау саласының беделіне нұқсан келтіруде", - деп жауап берді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053729-mundai-zagdai-zii-bolady-atyraulyqtar-12-sagat-boiy-zedel-zardemge-xabarlasa-almagan/