Рейстердің кешігуі, жолдағы қауіпсіздік: жаңа жылдағы алғашқы үкімет кеңесінде не талқыланды
Жарияланған күні:
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қолайсыз ауа райы кезінде қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдарға өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды. Бұл туралы премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында хабарланды.
Бүгін премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен жаңа жылдағы алғашқы жұмыс кеңесі өтті. Отырыста қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелері талқыланған.
29-31 желтоқсан аралығында Астанада ауа райы күрт бұзылып (қалың қар жауып, боран соқты, желдің жылдамдығы секундына 26 метрге жетті), салдарынан 100-ден астам рейс кешіктірілген. Қажетті шараларды қабылдау үшін әуежай, авиакомпания және метеорологиялық қызмет өкілдерінің қатысуымен жедел штаб жұмыс істеген.
Атап айтқанда, жолаушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, қажет болған жағдайда медициналық қызмет көрсетілген, олардың бір бөлігі (балалар, қарттар, мүгедектігі бар адамдар) қонақүйлерге орналастырылған, балаларға аниматорлардың қатысуымен жаңажылдық сыйлықтар мен тәттілер таратылған. Бұл ретте әуекомпаниялар 29 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында кешіктірілген және тоқтатылған рейстерге билеттер құнын 100% қайтарады.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта барлық әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға ешқандай шектеулер жоқ.
Алдағы уақытта рейстердің ұзақ уақытқа кешігу қаупін азайту үшін әуекомпаниялар мен әуежайлар арасындағы үйлестіру күшейтіледі, атап айтқанда, күрделі метеожағдайларда жолаушыларды тасымалдау үшін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек әуежайларды арнайы техникамен және құрал-жабдықтармен қосымша жарақтандыру, сондай-ақ жолаушыларға хабарлама жіберуді күшейту мәселелері пысықталатын болады.
Мереке қарсаңында автокөлікке қатысты да жүктеме айтарлықтай өскен. 28 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында еліміздің солтүстік-шығыс және орталық бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жеткен. Жол қозғалысы қиындап, 13 облыста 107 жол қозғалысына шектеу қойылған.
Жағдайды тәулік бойы бақылап, қажетті шараларды қабылдау мақсатында жедел штаб жұмыс істеген. Жол қызметтері әкімдіктермен және полициямен бірлесіп, Астана мен Қарағанды, Астана мен Көкшетау арасында 47 автоколоннаны алып жүруді ұйымдастырған. Бұл қолайсыз ауа райы жағдайында 42 мың көліктің өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Бұл ретте жабылған жолдарды тәулік бойы тазалауға 422 бірлік жол-пайдалану техникасы және 700-ден астам адам жұмылдырылған.
Үкімет басшысының айтуынша, жалпы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізген. Десе де қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек.
Сонымен қатар үкімет басшысы барлық үйлестіру штабының жұмысын жандандыруды, көлік жолдары мен елді мекендердегі көшелерді қардан тәулік бойы тазартып отыруды, жолаушыларды жылыту бекеттеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының қорын қалыптастыруды тапсырды.
"Көлік министрлігі мен "ҚазАвтоЖол" компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы керек. ТЖМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, қолайсыз ауа райы туралы халықты алдын ала хабардар етуі тиіс", - деді премьер-министр.
Сондай-ақ кеңесте Әлихан Смайылов шектеулер кезінде көлік құралдарының қозғалысына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді және қажет болған жағдайда арнайы техниканы күрделі жол учаскелеріне жедел жіберуді тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053751-qolaisyz-aua-raiynda-reisterdin-kesiguin-azaitu-ukimette-qolzetimdi-kolik-qatynasyn-qamtamasyz-etu-maseleleri-talqylandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.