"Алматыэлектротранстың" бұрынғы басшысы Берікхан Мырзакәрімовке іздеу жарияланды
Жарияланған күні:
"Алматыэлектротранс" компаниясының бұрынғы басшысы Берікхан Мырзакәрімовке іздеу жарияланды. Бұл ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында пайда болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталындағы ақпаратқа сәйкес, Мырзакәрімов Берікхан Қабиұлына іздеу жүргізіп жатқан құзырлы орган - Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті.
Онда Мырзакәрімовке ҚМА іздеу жариялағанына 8 күн болғаны айтылған.
Ашық дерекөздердегі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың сайтындағы мәліметке сүйенсек, Берікхан Мырзакәрімов "Алматыэлектротранс" ЖШС-ның бас директоры болып 2021 жылғы ақпанда тағайындалған. Бұл лауазымнан шамамен 2022 жылғы қыркүйекте босатылған.
Еске сала кетейік, 2022 жылы қыркүйекте "Алматыэлектротранс" ЖШС-ның басқа бұрынғы бас директоры Бекмырза Игенбердинов тергеу шаралары жүргізіліп жатқандықтан қызметінен шеттетілген еді.
Бірнеше күннен соң ол қамауға алынды. Кейін Антикордың Алматыдағы департаментінің өкілдері Игенбердиновтің кәсіпкерлік субьекті өкілінен 150 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінгенін мәлім етті.
Былтыр тамызда Игенбердинов бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053784-almatyelektrotranstyn-buryngy-bassysy-berikxan-myrzakarimovke-izdeu-zariyalandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.