ҰҚК өкілдері интернетте терроризмді насихаттады деген қарағандылықты ұстады
Жарияланған күні:
Қарағандыда әлеуметтік желілер арқылы терроризмді насихаттады деген күдікпен ер адам ұсталды. Оны ұстау шарасын ҰҚК прокуратура органдарының үйлестіруімен өткізген, деп хабарлайды ҰҚК ресми сайтында.
Ұстау шарасы 2024 жылғы 3 қаңтарда өткен. Ер адам жұмыс орнында және әлеуметтік желілер арқылы терроризмді насихаттады деген күдікке ілінген.
"Тергеу әрекеттері барысында заттай дәлелдемелер алынды. Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген ҰҚК хабарында.
Ведомстводағылар Қылмыстық-процестік кодекс 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін ескертті.
Еске салайық, 29 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен және полицияның қолғабыс етуімен Абай облысының тұрғыны ұсталған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053904-uqk-okilderi-internette-terrorizmdi-nasixattady-degen-qaragandylyqty-ustady/