Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда зорлық-зомбылықпен күресетін арнайы бөлімше құрылады

Опубликовано:

Бетін көрсетпей тұрған әйел
Әйел.Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Бүгін Астанада әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі талқыланған брифингте жаңа бөлімше ашылатыны белгілі болды. Оған барынша әйел-қызметкерлер тартылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Тойкебаева былтыр елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілгенін атап өтті.

"Енді полиция қызметкерлері жәбірленушінің өтінішінсіз іс қозғай алады, ал ерлі-зайыптылар татуласу үшін сотқа бір рет қана бара алады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық газетке берген сұхбатында құқықбұзушылар үшін жазаны қатаңдату туралы тағы да айтты. ІІМ-де биыл құқық қорғау органдарының әйел-қызметкерлерін барынша тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылады.

Дағдарыс орталықтарының саны ұлғаяды, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға әлеуметтік-психологиялық түзету практикасы енгізілетін болады", - дейді Тойкебаева.

Айта кетейік, отбасыны, әйелдерге және балаларға байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеу үшін былтыр комиссия жанынан үш жұмыс тобы құрылған. Комиссия бірқатар қалалық басқармамен, ҮЕҰ және БАҚ-пен белсенді ынтымақта жұмыс істейді. Бұл көптеген мәселені жұртшылықтың қарауына шығаруға және халықтың, атап айтқанда әйелдер мен көпбалалы отбасыларда болатын түйіткілдерді уақтылы шешуге мүмкіндік беретіні айтылады.

Қазақстанда 2023 жылдың 12 айы бойынша тұрмыстық құқықбұзушылықтар дерегі бойынша сотта 6595 әкімшілік іс қаралған. Отбасылық жанжалқойларға қатысты 9090 қорғау ұйғарымы шығарылып, соттың шешімімен құқық бұзушының мінез-құлқына 582 ерекше талап қойылған.

"Пилоттық режимде ODARA жүйесін пайдалана отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін бағалаудың халықаралық құралы енгізілді. Оның көмегімен ҮЕҰ психологтарын тарта отырып, агрессорлармен жұмыс жүргізіліп, тұрмыстық салада қылмыс жасауға бейім тұлғалар анықталды", - дейді Астана қаласы ПД ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны Айгерім Даркембаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054090-qazaqstanda-zorlyq-zombylyqpen-kuresetin-arnaiy-bolimse-qurylady/

pixel