Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мобильді аударымдар тексерісі: такси жүргізушілері төлем қабылдау үшін кассалық аппарат алып жүруге міндетті ме

Жарияланған күні:

такси қызметі
Такси қызметі. Көрнекі фото: pexels.com

Бүгін Алматы қаласы ӨКҚ-де өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері мобильді аударымдарды бақылауға байланысты журналистердің сұрағына жауап берді. Тілшілер салық органы қызметкерлерінен такси жүргізушілері заң аясында қалай жұмыс істеу керегін сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Брифингте адам тасып күнелтіп жүрген такси жүргізушілері салық бойынша міндеттемесін қалай дұрыс орындауы керегі айтылды.

"Такси қызметінде немесе жол-жөнекей жұмысқа барарда, қайтарда бес-алты адам алып кететіндерде айына 100 мобильді аударым шығады деп ойлаймын. Солардың жайы қалай болмақ? Көлігінде кассалық аппарат тасып жүруі керек пе?", - деген сұрақ қойылды спикерлерге.

Бұл сұраққа Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева жауап берді. Оның айтуынша, егер адам такси жүргізушісі ретінде кәсіпкерлікпен айналысса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек.

"Өте дұрыс сұрақ. Такси жүргізушісі ретінде кәсіпкерлікпен айналысса, бұл жерде міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Биылдан бастап Алматы және Астана қаласы бойынша пилоттық жоба басталды. Қазір салық міндеттемелерін орындау жеңілдетілген. E-salyq business деген арнайы мобильді қосымша бар, сол жерде кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысының 1 пайызын төлеп отырады. Мұндай мүмкіндік Яндекс такси мобильді қосымшасында да бар.

Яғни, соның ішінде кассалық аппарат бар, сол жерде есеп нысанын тапсыруға болады. Егер ол бөлек патент негізінде болса есеп тапсыруы керек, егер E-salyq business мобильді қосымшасы арқылы тіркелсе, есеп тапсырылмайды. Айма-ай бір пайыз жеке табыс салығын төлеп отырады және бұған қоса, әрине, әлеуметтік төлемдер бар", - деді департамент қызметкері.

Еске салсақ, бұған дейін салық органының өкілі үш ай қатарынан 100-ден аса тұлғадан мобильді аударым қабылдау бойынша бұзушылық анықталған жағдайда қандай шара қолданылатынын айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054095-mobildi-audarymdar-tekserisi-taksi-zurgizusileri-tolem-qabyldau-usin-kassalyq-apparat-alyp-zuruge-mindetti-me/