"4,5 млн теңге береміз". Павлодар облысы әкімі автобус құлаған жерден видео жариялады
Жарияланған күні:
Павлодар облысында "Майқайың-алтын" АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Өңір әкімі Асайын Байханов оқиға орнынан видео жариялап, жағдай туралы айтып берді.
Видеоны Байханов Instagram-дағы парақшасында жариялады.
"Біз "Майқайың-алтын"АҚ аумағындағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырудамыз. Оқиға орнында менімен бірге ТЖ вице-министрі және басқа да қызметтер бар. Құтқарушылар жоғары қауіпті режимде жұмыс істеуде, өйткені, құлау шекаралары тұрақсыз, әлі де пайда болған шұңқырда тастар мен топырақтың сырғуы жүруде", - делінген өңір басшысының жазбасында.
Құтқару жұмыстарына барлығы 116 адам, 23 техника жұмылдырылған. Бүгін таңғы сағат 06:00-де Астанадан ТЖД кинологтар бригадасы келіп, бірден іздестіру жұмыстарына кіріскен.
Сондай-ақ облыс басшысы қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың әрбірінің отбасына "Майқайың-алтын" АҚ және КӘАҚҚ РОШ-нан 4,5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
"Мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Қаза болған екі құтқарушының отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат болсын", - деді өңір әкімі.
Еске салайық, Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Олардың денесі жер бетіне шығарылған.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, автобуста 4 адам болды - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054106-45-mln-tenge-beremiz-pavlodar-oblysy-akimi-avtobus-saiga-qulagan-zerden-video-zariyalady/