Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атырау өз тапқан қаражатын өзіне жұмсауы керек": Әшімбаевпен кездесуде атыраулықтар тағы қандай мәселе көтерді

Жарияланған күні:

Мәулен Әшімбевтың жұмыс сапары
Мәулен Әшімбаевтың атыраулықтармен кездесуі. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Атырауға жұмыс сапары кезінде тұрғындар жылдар бойы қордаланып келе жатқан мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуға ықпал етуін сұрады. Депутаттар Атырау экологиясын, миллиардтап ел қазынасына кетіп жатқан қаржыны, Жайықтың тартылуын және тағы басқа әлеуметтік мәселелерді сөз етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин жергілікті компаниялардың, соның ішінде мұнай-газ саласындағы ірі зауыттардан түсетін салықты орталыққа жібермей Атырау облысының өзінде қалдыруды ұсынды. Атырау – республикалық бюджеттің "доноры". Тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша ел қазынасына Атырау облысынан 280 млрд теңге аударылған. 2023-2024 жылы 420 млрд орталыққа кеткелі тұр дейді депутат.

"Атыраудың ең негізгі деген экологиялық жобаларын жүзеге асыруға, инфрастурктураны жақсартуға 330 млрд теңге қаражат қажет. Ал біздің компаниялардан түскен салықтың барлығы республикалық бюджетке кетіп жатыр. Халық өз маңдай терімен тапқан ақшасын өзі пайдалануы керек. Егер Атыраудың өзінің тапқан қаражаты өзінде қалса, біз республикалық бюджетке тәуелді болмай, өз жыртығымызды өзіміз жамай аламыз", - дейді Арман Хайруллин.

Атырау облысында тек мұнай-газ саласы ғана дамып қоймай, балық шаруашылығы да өңірдің ата кәсібі екенін депутат Бакыт Каметов еске салды. Айтуынша, бүгінгі таңда Каспий теңізі мен Жайық өзені деңгейінің түсуіне байланысты Жайық бойында орналасқан 39 тоған көлдердің 90 пайызы құрғап қалған.

"Ал бұл тоғандар ұсақ қара балықтар уылдырық шашып, өсіп жетілетін орындар. Бүгінде үкімет аулауға беріп отырған 27 мың тонна квотаның 2023 жылы тек 25 пайызы ғана орындалған. Сол құрғап қалған тоған көлдерді, су айдынына жақын орналасқан қолайлы жерлерді неге ұзақ мерзімге тауарлық балық өсіруге кәсіпкерлерге бермеске?", - дейді Бакыт Каметов.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде жер телімдері Жер кодексіне сәйкес аукцион тәсілімен беріледі. Бұл алгоритм балық өсіруге ниеттілер үшін тиімсіз, бағасы қымбат болғандықтан, олар одан бас тартуда.

"Мысалы, ауыл шаруашылық саласында егін, мал өсіруге арналған жерлер ұзақ мерзімге жалға беріледі. Осы әдісті тауарлық балық өсіру шаруашылығында да қолдануды ұсынамын", - дейді кәсіпкер.

Жайық өзенінің соңғы жылдары қатты таяздануы және Каспий теңізі деңгейінің төмендегені атыраулықтарды алаңдатып отырған мәселе екенін қоғам белсенділері өз сөздерінде айтып өтті. Өзендегі су мөлшерінің тым аздығынан балығы қырылып, өңірдегі бүкіл шаруашылық зардап шегуде. Тұрғындар да алаңдаулы. Өйткені суды осы Жайық өзенінен алып отыр. Ал өзеннің кей тұсының суы қазір тіпті тобықтан ғана келеді дейді депутаттар.

Сенат төрағасы өз кезегінде аталған мәселелерді жауапты министрліктермен, жергілікті билік өкілдерімен бірлесе отырып шешімін табуға ықпал ететінін айтты. Жайық өзенін сақтап қалу үшін өңірге шетелдік мамандарды шақырып, зерделеу жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты.

"Атырау облысы шетел инвестицияларын тарту бойынша елімізде көш бастап тұр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де дәйекті түрде ұлғаюда. Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі де қуантады. Дегенмен аймақта жетістіктермен қоса, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Олардың қатарында тұрғындарды экология, оның ішінде ауаның ластануы және су мәселесі алаңдататынын білеміз. Инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі де өзекті. Өңірлердегі мәселелерді шешуге Сенат тарапынан жүйелі қолдау көрсету – негізгі міндеттердің бірі. Біз өз тарапымыздан және басқа да әріптестерімізбен бірге облыстың өзекті мәселелерінің шешілуіне тиісті көмек көрсетеміз", - деді сенат төрағасы.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054250-atyrau-oz-tapqan-qarazatyn-ozine-zumsauy-kerek-asimbaevpen-kezdesude-atyraulyqtar-tagy-qandai-masele-koterdi/