Тұрғын үйінен шығарылуы мүмкін: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қандай шаралар қабылданады
Жарияланған күні:
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында қандай шаралар қабылданатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ренат Зұлхайыров Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен парламент мәжілісінің депутаттары әйелдер мен балалардың құқғын қорғау, сондай-ақ отбасы құндылықтарын насихаттау шараларын күшейту мақсатында заңнамалық түзетулер әзірлегенін атап өтті.
"Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіріген және ұрып-соққан әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр.
Құқық бұзушының тәртібіне қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа агрессорды тұрғын үйінен уақытша шығару құқығы берілген. Бұл ретте оған істеген ісі туралы Әлеуметтік бейімдеу орталығында ой қорыту ұсынылады", – деді спикер.
Сондай-ақ, оның айтуынша, сот агрессорды денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психологиялық әдістермен түзеу курстарынан өтуге бұйрық беруге құқылы. Мұндай ерекше талаптар Қылмыстық кодекс шеңберінде де белгіленбек.
Бұған қоса елімізде зорлық-зомбылықпен күресетін арнайы бөлімше құрылмақ. Бұл жөнінде 2024 жылғы 5 қаңтар күні Астанада әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі талқыланған брифингте мәлім болды. Оған барынша әйел-қызметкерлер тартылмақ.
Бұдан бөлек өткен жылғы 8 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына қол қойды. Президент бұл жөнінде Х желісінде былай жазды:
"Дүниежүзілік адам құқықтары күніне орай "Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" Жарлыққа қол қойдым. Жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шара қамтылған".
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054426-turgyn-uiinen-sygaryluy-mumkin-qazaqstanda-turmystyq-zorlyq-zombylyq-boiynsa-qandai-saralar-qabyldanady/