Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда бір топ адамды қаққан автобусты жүргізген әйел: Маған өте ауыр айып тағылып отыр

Жарияланған күні:

Ермек Шөкебаева
Ермек Шөкебаева. Видеодан кадр: Youtube/OF Ne Molchi

Алматыда жаңа жыл қарсаңында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік автобус апатын қала тұрғындары ұмытқан жоқ. Соққы алып, есінен танған автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева ауруханадан үйіне жіберілген, бірақ әлі жұмысына шыққан жоқ, деп хабарлайды НеМолчиKZ қорына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

НеМолчиKZ қоғамдық қорының YouTube-арнасында автобус жүргізушісінің сұхбаты жарияланды. Онда жүргізуші әйелге қатысты "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелгені айтылады.

Ермек Шөкебаева өзіне осындай кінә тағылып отырғанын білгенде қатты таңғалған.

"Ең алдымен мен қайтыс болған жандардың туыстарына көңіл айтамын. Арты қайырлы болсын. Менің жаман ниетім болған жоқ. Мұндай жағдайды жауыма да тілемеймін.

Мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Жолаушы есімнен танғанша соққыға жығады деп ойламадым", - дейді әйел.

Сондай-ақ ол осы сұхбатында ауруханада жатқанда екі тергеуші келіп кеткенін айтады. Олар әйелге іс бойынша жәбірленуші екенін мәлім еткен.

"Ал енді ауруханадан шыққанда маған қатысты өте ауыр бап бойынша айып тағылғанын біліп отырмын. Мен өзім пәтер жалдап тұрамын. Екі балам бар. Солар үшін еңбек етіп келемін. Менің жұмысыма ешкім шағымданбаған. Неге маған осындай ауыр кінә артылып отыр? Сол соққы болмағанда мен бұндай жағдайға ешқашан жол бермес едім. Әділ шешім шығады деп үміттенемін", - дейді Ермек Шөкебаева.

Осы тұста жүргізуші әйел желі қолданушыларының "жолаушымен неге ұрсысасың" деп жазған пікірлеріне қатысты түсініктеме берді.

"Мен онымен (соққы жасағаны видеоға түсіп қалған ер адам) ұрсысқан жоқпын. Сөйлесіп те үлгерген жоқпын. Бақылау камерасынан бәрі көрініп тұр ғой. Мен тіпті бетіне қараған жоқпын. Тек жолға қарап отырдым. Бір күнде 1000 адам кіріп, 1000 адам шығады. Олардың әрқайсысына қарап, сөйлесіп отыра алмаймын, оған тіпті уақытым да жоқ. Сол сәтте мен көпірдің үстінде қауіпті бұрылысқа жақындап келе жатқан едім. Қыс мезгілі, жол тайғақ. Ол өте жауапты сәт. Шынымды айтсам, көпірге жақындап қалғанда да, одан түсер кезде де "бісміллә" деп айтам", - дейді Ермек Шөкебаева.

Жүргізуші әйел бірталай уақыт есінен танып, біресе есін жиып жатқан. Есін жиған кезде автобус көпірден құлап кетті деп ойлаған.

"Қалай болды, көпірден құладық па?" деп тоқтаусыз айғайладым. Маған көпірден құламағанымызды, бірақ жол апаты болғанын айтты. Ауруханада жатқан кезде ғана оқиғаның қалай болғанын түсіндім", - дейді әйел.

Автобус паркінің заңгерінің сөзінше, жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бап 4- бөлігі бойынша іс тіркелген.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 22 желтоқсанда Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып өтті. Кейін қалалық ПД өкілдері оқиғаның жай-жапсарын айтты. Оқиғадан 7 адам зардап шеккен, олардың үшеуі жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қаза болған. Төрт адам ауруханаға жатқызылған. Автобус рөлінде отырған жүргізуші әйелді ұрған жолаушыға қатысты екі бап бойынша іс тіркелді. Жүргізушіге шабуыл жасады деген күдікті 2 айға қамауға алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054438-almatyda-bir-top-adamdy-qaqqan-avtobusty-zurgizgen-aiel-magan-ote-auyr-aiyp-tagylyp-otyr/