Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жошы қазақ хандарының атасы екені айтылуға тиіс": сенатор ел тарихына қатысты мектеп оқулықтарын қайта жазуды ұсынды

Опубликовано:

"Қазақстан тарихы" оқулықтары
"Қазақстан тарихы" оқулықтары. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстан тарихы туралы мектеп оқулықтарын жаңа көп томдық негізінде қайта жазуды ұсынды. Депутаттың прьемер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалы палатаның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сенатордың сөзінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толатынан еске салып, осы маңызды датаға орай маңызды зерттеулер қолға алынатынын атап өтті.

Осыған байланысты депутат президент тапсырмасымен Жошы кесенесі жаңартылып, Ұлытау облысы құрылғанын, ұлттық құрылтай өткенін айтты.

"Жошы ұлысын зерттеуге үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық. Бұған дейін "Түрік академиясы" Жошы ұлысына қатысты зерттеу жүргізіп, экспедияциялар ұйымдастырып, кітаптар шығарып, ЮНЕСКО-да арнайы жиындар өткізді.

Ұлттық санаға тарихи сана негіз болады десек, тарихты дұрыс жазу, оқыту - тарихты жасаумен бірдей өте өзекті. Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көп томдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректер ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көп томдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Жошы қазақ хандарының атасы екені айтылуға тиіс. Оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастауы туралы деректер енгізілуі керек", - деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар сенатор мектеп бағдарламасында Моғолстан туралы деректер өте аз екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жошы ұлысына арнайы музей жасақтау, нысандарға Жошының атын беру, дүниежүзілік "Көшпенділер ойынын" өткізу – үлкен мүмкіндік.

"Танымдық, көркем фильмдер, балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды.

Жошы ұлысының 800 жылдығы ұлы дала өркениетінің, мемлекетіміздің түп-тамырын жаңаша пайымдауға, тарихи сананың орнығуына ықпал етері анық", - деп түйіндеді сөзін депутат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054978-zosy-qazaq-xandarynyn-atasy-ekeni-aityluga-tiis-senator-el-tarixyna-qatysty-mektep-oqulyqtaryn-qaita-zazudy-usyndy/

pixel