Түркістан облысында көп балалы отбасылар мен мүгедектерге былтыр берілген тұрғын үй қирап қалды
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Қазығұрт ауылындағы екі қабатты үйден бірнеше отбасы шұғыл эвакуацияланды. Бір жыл бұрын берілген ғимараттың бір бөлігінің қабырғасы қақ айрылып, едені опырылып кеткен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, құрылысты қабылдап алған әкімдік бар кінәні тұрғындарға артып отыр. Себебі кәріз суын дер кезінде құрғатпай, баспананың астына су жиналған дейді шенеуніктер.
Қазір құлаудың алдында тұрған үйге сараптама тағайындалды. Қосқабатты үйлер Қазығұрт ауданында баспана кезегінде жылдап тұрған мүгедектер, көпбалалы отбасылар мен жетімдерге бір жыл бұрын ғана берілген. Бірақ баспаналы болғандардың қуанышы көпке созылмады.
Екі күн бұрын әуелі подъездің қабырғасы шатынап, артынан едені опырыла бастаған.
"Бір күн бұрын құлады, өзі жарылды. Түнде сызат пайда болып, үй өзі жәйлап құлады. Сөйтіп бәріміз улап-шулап далаға шықтық. Сөйтіп бәріне хабар айттық. Ол кісілер жүгіріп келіп, бізді жайғастырып жатыр", - дейді Мәрия Сейітқұлова.
Тілші хабарлауынша, тұрғындар қарама-қарсы орналасқан мемлекеттік қызметкерлерге арналған үйге көшірілген. Тұрғындар бұл баспанаға қайта оралғысы келмейтінін айтады. Себебі, сау қалған пәтерлерлердің қабырғасында да сызаттар пайда бола бастаған.
Кішкентай ғана сызаттан пайда болған үй екі апта ішінде енді құлағалы тұр. Мұнда тұрып жатқандар жарықтың сағат сайын үлкейетінін айтады. Былтыр ғана көшіп келген тұрғындар жыл бойы "үреймен өмір сүрдік" дейді.
"Біз тұрғаннан бері бұл үй апатты. Бізге апатты үйді берген. Қоныстандық, содан бір ай өтпестен, қарашада, мына іргетасы дұрыс қаланбаған. Судың үстіне үй салған. Іргетасы жақсы болмаған бұл үйдің, кейін арматура ортада тұрмаған. Дуалдардың тарсылдаған дыбысы естіледі. Түнде басталады бұл жағдай. Кіргеннен кейін үйімізді су басқанда бұлар асығыс жауып тастаған", - деді Ергүл Тойшиева.
Ал баспананы қабылдап алған шенеуніктер қирағалы тұрған үйдің құрылыс сапасынан бір жыл бойы "мін таппадық" дейді. Сондықтан бар кінәні тұрғындарға артып отыр. Кәріз суын дер кезінде құрғатпаған соң, ғимарат астына су жиналып, содан іргетасы шөгіп кетті деп отыр.
"Сол тұрғындардың есебінен уақытында тазаланбағандықтан, өңделмегендіктен қайтадан ұрған. Сол кезде бір жер астында болғандықтан, ол тұрғын үйде жертөле қарастырылмаған.Сөйтіп еденнің астында сондвй жағдай болған. Құрылыс кезінде мен басында болғам. Өзіміз жүргенбіз. Бұл жерде кері нығыздау, бәрі жүргізілген. Онда ешқандай қауіп-қатер келетін жағдай жоқ", - деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов.
Тұрғындарға "ешқандай қауіп жоқ десе" де енді сағат санап қисайып бара жатқан бұл үй қайта қолданысқа берілер-берілмесі белгісіз. Қазір 187 млн теңге жұмсалған қос қабатты үйге сараптама тағайындалды. Оған дейін мүгедектер мен көпбалалы отбасылар мемлекеттік қызметкерлерге арналған сапалы үйді уақытша паналамақ.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055110-turkistan-oblysynda-kop-balaly-otbasylar-men-mugedekterge-byltyr-berilgen-turgyn-ui-qirap-qaldy/