Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атасынан мұра болып қалған ба": депутат Үшқоңыр тауын қоршап алған қаруланған топ туралы айтты

Опубликовано:

Тау
Тау. Көрнекі фото: pixabay.com

Мәжілісте AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбаев Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзететінін айтып, Алматы облысында ауыл шаруашылығы үшін қайтарылған жерлерді пайдалануға қатысты мәселе көтерді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Депутаттың сауалы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен бас прокурор Берік Асыловқа жолданған.

"Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде. Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң, депутаттық сауалға арқау болып отыр", - дейді Толықбаев.

Оның сөзінше, Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзетуі керек.

"Әлде, бұл тау "ДүниеАгро" компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан Резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Ал, жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау - барып тұрған бассыздық. Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малдарын жая алмай, пұшайман күйде отыр.

Біз AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы "Жер аманаты" комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді", - деп келтірді мәліметті депутат.

Оның айтуынша, жұртқа қажет жайылым жердің бәрі қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр екен.

"Анығы, "ДүниеАгро" ЖШС-не 2004 жылы "Үшқоңыр" үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені, заң талаптары бойынша, (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ, жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр.

"Сонда Қазақстан Республикасының заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?", – деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?!" - дейді Толықбаев.

Бұдан басқа, мәжіліс депутатының сөзінше, "Үшқоңыр" үстіртінде Steppe AgroMeat, Breeding Company" сияқты екі-үш компания 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отыр.

"Шұғыл қайтару керек! Алайда, алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес. Сондықтан, Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, Арнайы комиссия құрып, жоғарыда мен келтірген мәселелерге тиісті құқықтық баға беруі тиіс деп есептеймін. Президенттің ел игіліне қайтарылуы қажет жайылымдық жерлер бойынша тапсырмасын нақты орындауымыз керек!" - дейді депутат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055985-ukimet-sugyl-nazar-audaruy-kerek-deputat-usqonyr-tauyn-qorsap-algan-qarulangan-top-turaly-aitty/

pixel