Жамбыл облысында Болат Назарбаевқа тиесілі базардың жері мемлекетке қайтарылды
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында Болат Назарбаевпен үлестес Қордай ауданындағы базардың жерлері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы облыстық прокуратура ресми сайтында хабарлады.
Ведомство ақпаратынша, 2004 жылы Қордай ауданы әкімдігінің және Қордай ауылдық округі әкімінің актілерімен Болат Назарбаевқа тиесілі "Қарасай БН-Тараз" ЖШС-ға "Барыс-2" сауда кешеніне қызмет көрсету үшін ауданы 34,3017 га учаске берілген.
Алайда қадағалаушы орган часкені беру кезінде оның тәртібі бұзылғанын хабарлады. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы ерекше қорғалуға жататын ауданы 22,25 га суармалы егістік жерлердің бір бөлігі базарға қызмет көрсету үшін берілген.
Осыған байланысты аудан прокуратурасы аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің актілерін, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және күшін жою туралы сотқа талап қою берді.
"Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен "Қарасай БН-Тараз" ЖШС-мен Қордай ауданы әкімдігінің Жер қатынастары бөлімі арасындағы 24.07.2007 жылғы №81 және №82 жер учаскелерін сатып алу-сату, жер учаскелерін өтеусіз беру туралы "Қордай Инвест" ЖШС-ның барлық шарты жарамсыз деп танылып, күші жойылды", - делінген хабарламада.
Сот қаулысы 2023 жылғы 28 желтоқсанда заңды күшіне енді, жер учаскелеріне мемлекеттік актілердің күші жойылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056019-zambyl-oblysynda-bolat-nazarbaevqa-tiesili-bazardyn-zeri-memleketke-qaitaryldy/