Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысында балықшылар қалың боранда қалып қойған (фото)

Опубликовано:

Ақмола облысындағы қарлы боранда балықшыларға көмектескен полицей
Полиция көлігі. Көрнекі фото: t.me/POLICE_of_KZ

Ақмола облысында балықшылар ауа райының қолайсыздығына байланысты жазық далада қалып қойған. Облыстық учаскелік полицей қарлы боран астында қалған азаматтарға көмектесті, деп хабарлады Polisia.kz.

Ведомство ақпараты бойынша, қаңтардың 12-сі Астананың екі тұрғыны Аршалы ауданында орналасқан Кенетай көліне жеңіл автокөлікпен балық аулауға барған.

Ер адамдар белгіленген жеріне келгеннен кейін көлікті жағадан шамамен 1,5 шақырым қашықта қалдырып, балық аулауға кіріскен. Бірақ келесі күні ауа райы нашарлай бастады, боран болып, салдарынан айнала көрінбей кетті. Ауа райының қолайсыздығын ескеріп, астаналықтар балық аулауды тоқтатып, үйлеріне қайту туралы шешім қабылдаған. Алайда көлікті орнынан қозғай алмады.

"Жағдайы қиын екенін байқаған ер адамдар таныстары арқылы осы аймақты жақсы білетін жергілікті учаскелік бөлімшемен байланысты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, құқық қорғау органы бірден көмекке келіп, балықшыларды іздеп тапты", – деп жазады Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.

Аршалы аудандық полиция бөлімінің ЖПҚБ учаскелік инспекторы Асылхан Омаровтың айтуынша, қардың көп жауғаны сонша көлік қозғалмай, орнында тұрып қалған. Тәртіп сақшысы балықшыларға көлікті тастап, үйге барып, боран басылғаннан кейін қайта келген абзал екенін айтты.

Ақмола облысында полицей ауа райы қолайсыздығына байланысты қарлы боран астында қалған балықшыларға көмектесті
Ақмола облысындағы қарлы боранда балықшыларға көмектескен полицей: t.me/POLICE_of_KZ

"Екі күннен кейін полиция қызметкері астаналықтармен байланысқа шығып, оларға көліктерін алып кетуге болатынын айтты. Сондай-ақ оқиға орнына келіп жеткен соң қарағандылық үш азаматпен бірге тағы екі көлік қалып қойғанын байқады", – делінген хабарламада.

Олар ауа райының қолайсыздығына байланысты төрт күн бойы иен далада қалып қойған. Астаналық азаматтар да бүкіл жолды қар басып қалғанның салдарынан көліктерін шығара алмаған. Сондай-ақ полицейдің айтуынша, боран кезінде ешкім жаурап, тамақсыз қалған жоқ.

"Маған жолды тазалап, кептеліп қалған көліктерді сүйреп апара алатын K700 бульдозерін іздеуге тура келді. Көлік құралдарын шақыруға екі сағаттай уақыт кетті. Біздің жұмсаған күш-жігеріміз бекер болмағаны қуантады, саяхатшылардың барлығы үйлеріне аман-есен оралды", – деді аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Асылхан Омаров.

Елорда тұрғыны болған оқиғаны толық айтып, учаскелік инспекторға барлық атқарылған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056077-tort-kunge-turyp-qaldy-aqmola-oblysynda-balyqsylar-qalyn-boranda-qalyp-qoigan-foto/

pixel