Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Орын жетпейді": Алматы облысында мұғалімдер мектеп дәлізінде сабаққа дайындалуға мәжбүр

Опубликовано:

Жалғамыс ауылындағы мектеп
Мұғалімдер. Видеодан кадр: almaty.tv

Алматы облысының Жалғамыс ауылындағы мектепте мұғалімдер отырып демалмақ түгілі сабақ оқитын сынып тапшы. Ауылда оқушылар саны үш есеге көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv телеарнасы.

Телеарна тілшісіне ата-аналардың айтуынша, білім ордасында үш ауысыммен оқитын оқушылар үйіне кеш қайтады. Бала қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар "көше қараңғы, жол жасалмаған, қаңғыған ит көп" дейді.

"Мектептің құрылысы басталды да, аяқталмады. 2015 жылы көшіп келдім. Бұл жерді орталық болады деп айтып еді", – деді Жалғамыс ауылының тұрғыны Қарлығаш Баймұқанбетова.

Телеарна мәліметінше, ауылдағы аядай мектептегі мұғалімдер дәлізде демалады. Мұғалімдер бөлмесінде оқушылар сабақ оқып отыр.

"Орын жетпейді. Биыл оқушылар үш ауысымда оқиды. Кабинет жоқ. Жаңа мектептің құрылысы басталды деп еді, нақты білмейміз", – деді №15 ЖББ орта мектептің мұғалімі Сайлау Сәлімов.

Бұдан бөлек мектепте киім ауыстыратын орын жоқ, оқушылар спортзалдың бұрышында киінеді.

"Жайлы мектептің" жобасы аясында жаңа білім ордасының құрылысы басталды, салынды. Үш ауысымды оқу жойылып, ауылда екі мектеп болады", – деді №15 ЖББ орта мектептің директоры Зергүл Айтпаева.

Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, ауданда 6 мектеп дәл осындай үш ауысыммен оқиды. Себебі өткен жылмен салыстырғанда оқушы саны 2200 балаға артқан.

"Мұғалімдер кабинетті балаларға жағдай жасау үшін босатып берді деп ойлаймын", – деді Талғар аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Рүстембек Мыңбаев.

Телеарна тілшісінің мәліметі бойынша, Жалғамыс ауылындағы №15 мектеп 2001 жылы қолданысқа берілген. Жобалық қуаттылығы - 350 орындық. Қазіргі уақытта 968 оқушы білім алады. Оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жыл аралығында 11 мектеп салу жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056098-oryn-zetpeidi-almaty-oblysynda-mugalimder-mektep-dalizinde-sabaqqa-daiyndaluga-mazbur/

pixel