Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық танымал блогердің дауысымен жылдам табыс табуды ұсынатын жалған видео таралды

Опубликовано:

Сека атымен танылған блогер
Сека атымен танылған блогер. Видеодан кадр: stopfake.kz

Facebook-те танымал қазақстандық блогер Серғазы Тоқтарбектің дауысымен дыбысталған жылдам табыс табу туралы видео тарады. Видеода қауымдастық жаңа қолданушыларға 24 сағатқа ғана ашық болатыны, жүздеген адам пайда тауып үлгергені айтылған. Stopfake сайты бұл ақпарат фейк екенін анықтады.

Ақпараттың шынайылығын тексеретін сайт журналистерінің мәліметінше, видео КТК телеарнасының жаңалықтар шығарылымынан монтаждалған. Алаяқтар дыбысты эфирдің нақты жазбасына қойған. Іс жүзінде жүргізуші осы жылдың қаңтар айында Алматыда болған қайғылы оқиға туралы айтқан.

"Миллиондап ақша тапқан адамдардың сұхбаттары да қолдан жасалған. Бұл кадрлар КТК телеарнасының жаңалықтар сюжеттерінен алынған. Олар жалған дауыспен дыбысталған. Мысалы, Секаның оқырманы ретінде ұсынылған қыз - шын мәнінде, тұрғын үй кешенінің үлескері. Сюжет 2024 жылдың қаңтарында шыққан. Онда Қарағандыда заңсыз салынған тұрғын үй туралы айтылады. Ол қыз видеода 0:50 секундта көрсетіледі", - дейді фактчекерлер.

Серғазы Тоқтарбекті көбі Сека лақапатымен таниды. Блогердің YouTube-те вайндар шығаратын авторлық арнасы және Instagram-да парақшасы бар. Серғазы Тоқтарбек жылдам табыс табуға болатын платформаның ашылғаны туралы хабарламаған.

"Былтыр алаяқтар интернетте пайдаланушылардың ақшасын иемдену үшін оның атын бірнеше рет қолданған. Ол кезде Сека жазылушыларынан өз аккаунттарында жариялаған ақпаратқа ғана сенуді сұраған болатын", - деп жазылған сайтта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056777-qazaqstandyq-tanymal-blogerdin-dauysymen-zyldam-tabys-tabudy-usynatyn-zalgan-video-taraldy/

pixel