Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Премьер-министр Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты тапсырма берді

Жарияланған күні:

Читать на русском
үкімет отырысы
Қазақстан үкіметінің отырысы. 23 қаңтар, 2024 жыл. Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматыдағы жер сілкінісі бойынша ахуал қаралды. Үкімет басшысы түрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық ұйымға тапсырма берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кеңесте премьер-министр ТЖМ-дан әкімдікке және басқа да мемлекеттік органдарға дейінгі барлық қызмет жер сілкінісіне ден қойғанын атап өтті.

"Қаза тапқандар жоқ, ауқымды зиян келмеді. Алайда зардап шеккендер бар. Уақытылы ақпарат алмаған адамдар нақты әрекетсіз дүрбелеңге жол берді. Олар 2, 3 қабатардан секірген кезде зардап шекті. Бұл ескерту жүйелерін уақытылы қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек ақпарат беріп, хабарламалар жіберу қажет екенін көрсетті", - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы барлық сейсмикалық қауіпті өңірде жаттығулар жиі өткізілуі керек екенін де айтты.

"Халық іс-қимыл алгоритмін білуі керек", - деді ол.

Премьер-министр өңірлердің әкімдіктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай ТЖ-ны жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуді тапсырды.

"Жақын арада жедел ден қою үшін басқару органдары мен азаматтық қорғау күштері басшылары мен жауапты тұлғаларының басқару бекеттеріндегі кезекшілігі енгізілсін. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ететін барлық ұйымға қатысты", - деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ зардап шеккендерді емдеу үшін барлық шараны қабылдау қажеттігін атап өтті.

"ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Барлық тиісті қызмет арасында, соның ішінде жер сілкіністері ошақтары орналасқан көрші мемлекеттермен нақты өзара іс-қимыл жасау керек", - деп түйіндеді сөзін премьер-министр.

Еске сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі сезілді.

Жер асты дүмпулері әсіресе, Алматы тұрғындарына қатты сезілді. ТЖД ақпаратынша, Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Алматының кей аудандарының тұрғындары жер сілкінісі кем дегенде 5 минутқа созылғанын жеткізді.

Жер сілкінісінің қайталануынан қорыққан Алматы тұрғындары жаппай көшеге шықты.

Бастапқыда Алматыда түнде болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккені белгілі болды. Кейін олардың саны 44-ке жеткені хабарланды.

Бүгін таңда Алматы облысында тағы бір жер сілкінісі тіркелген – Алматыда жер сілкінісі 2-3 балл шамасында сезілген. Кейінірек алматылықтар тағы да жерасты дүмпулерін сезінді.

Сондай-ақ желіде Алматыда зілзала кезінде қаланың биіктен түсірілген видеосы жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056996-premer-ministr-almatydagy-zer-silkinisine-bailanysty-tapsyrma-berdi/