"Арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр": Бибігүл Жексенбай зиян тағамдарға салық салуды ұсынды
Жарияланған күні:
Бүгін сенаттың пленарлық отырысында депутат Бибігүл Жексенбай "қоқыс тағамдар" бойынша үкіметке сауал жолдап, зиян тағамдарға салық салуды ұсынды. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Соңғы кезде Қазақстан нарығында шығу тегі белгісіз зиянды тағамдар қаптап кетті. Алыс-жақын елдерден қоқыс тағам-тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы, "қоқыс тағамдардың" көбін көшелер мен жертөлелерінде жасайды. Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиянды екені дәлелденіп, сайттарында "оқыс тағамдары" деп көрсеткен.
Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен күресіп жатса да, қоқыс тағамдар шетел қорғалмаған нарықтарын жаулап жатыр. 2023 жылдың 11 айында кедендік статистикасы бойынша Қазақстанның Қытайдан импорты 14,0 млрд доллар болған", - дейді сенатор.
Депутат келтірген мәлімет бойынша, елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72 пайызы ДДҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады екен.
"Зиянды тағамдар жарнамасын көбейту – түсіне білгенге жамандыққа азғыру. Сондықтан бұған барынша шектеу қою, қажет жерінде тыйым да салу керек", - дейді Бибігүл Жексенбай.
Оның сөзінше, күнделікті астың ағзаға қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тағамдағы қант, тұз және қаныққан майларды бақылау маңызды. ДДҰ-ның Тамақ өнімдеріндегі қант пен тұздың құрамы жөніндегі қаулысы бойынша оның мөлшері бес пайыздан аспауы қатаң орындалуға тиіс.
"Бүгінде әлемде зиян тағамға қосымша салық салу практикасы айтарлықтай кең тараған. Соңғы он жылда мұндай салық Дания, Эквадор, Египет, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа да елдерде бар. Осы салық түрі енгізілген елдерде өндірушілер мен сатушылардың 70 пайызы зиян және қосымша салық салынатын өнімдерді қысқартты.
Халқымызды зиян тағамдардан қорғау, аталған мәселеде дұрыс бағыт көрсету шаралары мемлекеттік деңгейде қолға алынуға тиіс", - дейді ол.
Осы орайда сенатор үкіметке мынадай ұсыныстар білдірді:
- елімізде "қоқыс тағамдарды" саудалауға тиым салу. Кедендік бақылауды күшейту;
- стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алу;
- балаларға зиянды тағамдарды телерадиода жарнамалаудың уақыт мерзімі бойынша шектеу қою;
- зиянды тағамдарға, қанты көп, энергетикалық түрлі сусындарға "қоғам денсаулығын қолдауға арналған қосымша салық" салуды қарастыру;
- балабақша балаларына, мектеп оқушыларына ағзаға пайдалы сүт, қымыз, шұбат беруді қарастыру;
- Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық ұйымдармен бірлесе салауатты тамақтану бойынша тұрақты және тиімді ақпараттық кампаниялар өткізуді ойластыру;
- Денсаулық сақтау министрлігінде Қоғамдық денсаулық бойынша арнайы толыққанды құрылым құруды қарастыру.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057570-arbalap-ta-dorbalap-ta-tasylyp-zatyr-bibigul-zeksenbai-ziyan-tagamdarga-salyq-saludy-usyndy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.