Сейсмикалық қауіпті өңірлерде дабыл қағу жүйесі: Антикор шығындарды тексеруге кірісті
Жарияланған күні:
Антикор сейсмикалық қауіпті өңірлерде дабыл қағу жүйесіне жұмсалатын шығындардың негізділігін зерделеуге кірісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Антикордың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабалайды.
Антикор төрағасы Асхат Жұмағали мемлекет басшысының жер сілкінісі туралы хабарлау жүйесіндегі жағдайды зерделеу туралы тапсырмасын іске асыру бойынша құрылымдық және аумақтық департаменттің басшыларымен жедел кеңес өткізді.
Президент Алматы қаласындағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес барысында Бас прокуратурамен бірлесіп бюджет қаражатының қайда жұмсалғанын анықтауды тапсырған болатын.
Осыған байланысты агенттік қызметкерлерінің арнайы тобы шығындардың негізділігін, мемлекеттік сатып алуды жүргізудің заңдылығын зерделеуге кірісті.
Антикордың аймақтық департаменті тиісті аудиторлық тексеруге бастамашы болды.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның төрағасы барлық сейсмикалық қауіпті өңірде 2018-2023 жылға дейінгі кезеңде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізуді тапсырды. Алматы қаласымен қатар оларға Шымкент қаласы, сондай-ақ Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары кіреді", - делінген хабарламада.
Мониторинг барысында бақылау-қадағалау органдарын тексеру нәтижелерін, сот-тергеу практикасын, ғылыми ұйымдардың қорытындыларын зерделеу және осы өңірлерде құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын сақтау, азаматтардың өтініштері мен БАҚ-тағы жарияланымдарды талдау көзделген.
Құзырлы орган мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг шеңберінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да мәселелері зерделенетін болады.
Айта кетейік, Алматыдағы жер сілкінсі кезінде хабарлама ТЖМ-нен емес, Google-дан келгені айтқан депутат Алматыдағы хабарландыру жүйесін сынға алған еді.
Алматы қаласы ТЖД жаңа дабыл жүйесін сынақтан өткізіп жатқанын хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057760-antikor-seismikalyq-qauipti-onirlerde-dabyl-qagu-zuiesine-zumsalatyn-sygyndardy-tekseruge-kiristi/