Қызылордада арзан аяқ киім сатып алуға келген тұрғындар дүрбелең туғызды
Жарияланған күні:
Қызылорда қаласында спорттық аяқ киімдер дүкенінде барлық зат жеңілдікпен жаппай сатылымға шығуына байланысты халық қысылысып, дүрбелең туындаған. Оқиғаға байланысты кәсіпкер кешірім сұрады, деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына сілтеме жасаған Kazinform.
Агенттік мәліметінше, оқиға 25 қаңтарда Қызылорда қаласындағы "Қорқыт" сауда үйінде болған.
Сауда үйінде бутиікі жалға алып отырған спорттық аяқ киімдер сататын жеке кәсіпкер 23 қаңтарда әлеуметтік желіде барлық аяқ киімді 1000 теңгеден жаппай сатылымға шығаратындығы туралы хабарлама таратқан.
"Жеңілдік ұйымдастырылған күні халық шектен тыс көп жиналуына байланысты келеңсіз жағдай болды. Дүкен иесі сағат 10:30-да жабуға мәжбүр болған. Осы жағдайға байланысты кәсіпкер халық алдында кешірім сұрады. Бұл жағдай халық арасында дүрбелең туындатқаннан кейін кәсіпкер аяқ киімдерді мұқтаж адамдарға таратып, қарттар үйіне берді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерге ескерту түрінде шара қолданылды.
Қазіргі таңда "Қорқыт" сауда үйінде жағдай тұрақталды. Жаппай сатылым барысында адам қауіпсіздігін сақтау керектігі туралы сауда нысандарында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде", - деп мәлім етті Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057785-qyzylordada-arzan-ayaq-kiim-satyp-aluga-kelgen-turgyndar-durbelen-tugyzdy/