Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атыраулық әйел ұлының сабақтан қалғаны үшін жауапқа тартылды

Опубликовано:

Сот балғасы
Сот балғасы. Көрнекі фото: pixabay.com

Атырау облысының тұрғыны баласы үш аптаға жуық уақыт мектепке бармағаны үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Атырау облыстық сотына сілтеме жасап хабарлайды.

Соттың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша жергілікті тұрғынғы қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған.

Сотта анықталғандай, тұрғынның ұлы – 3 сынып оқушысы 20 күн бойы еш себепсіз сабаққа қатыспаған.

"Яғни, азаматша Ж. кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оған білім беру, сондай-ақ күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған", - дейді сот өкілдері.

Сот отырысында әйел өз кінәсін мойындап, бұған өкінетінін айтқан.

Сот шешімімен кәмелетке толмаған баланың анасы кінәлі деп танылып, оған 24 150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Сот жаза тағайындарда оның жеке басын, отбасылық және материалдық жағдайын, құқық бұзушылықтың сипатын ескерген.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігіне сәйкес ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (2024 жылдан бастап – 36 920 теңге).

Еске сала кетсек, бұған дейін Таразда 15 жастағы қыздың заңды өкіліне ұшақта электронды темекі шеккені үшін айыппұл салынды. Айыппұл 10 АЕК-ті құрады және тәрбие міндеттерін орындамағаны үшін ресімделді. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған жолаушымен профилактикалық әңгіме өткізді.

Сондай-ақ Жамбыл облысында полицейлер жол бойында автокөлікпен шана сүйреткен жүргізушіні жауапқа тартқан еді. Шанада балалар отырған. Жүргізушіден бөлек, тәрбие міндеттерін орындамағаны үшін шанамен сырғанаған жасөспірімдердің ата-аналары да жауапқа тартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058653-atyraulyq-aiel-ulynyn-sabaqtan-qalgany-usin-zauapqa-tartyldy/

pixel