Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мамандар кеңесі: зілзалада қайда тығылып, қалай әрекет ету керек (видео)

Опубликовано:

Чемодан
Чемодан. Көрнекі фото: freepik.com

Сейсмикалық қауіпті аймақта тұратын әр адам жер сілкінісіне дайын болуы керек. ТЖД қызметкерлері мен мамандар халықтың сейсмикалық оқу-жаттығуға селқос қарамау керегін ескертеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, жер сілкінісі кезінде сақтық ережесін тағы да еске салған мамандар үстелдің асты мен есіктің жақтауына тұрмауды ескертеді.

Алматыдағы болған қатты жер сілкінісі кейін төтеншеліктер мен сейсмологтар халыққа қауіпсіздік ережелерін қалай сақтауды қайта-қайта ескертіп жатыр. Соның бірі – балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы Ольга Костенко. Ол қазір балабақшалар мен мектептерді аралап, мұғалімдерге дүмпу кезінде өзін және оқушыларын қалай қорғауды түсіндіріп жүр.

"Үстелдің астына тығылу керек деген қате пікір. Ол аспалы шам мен үйдің ішіндегі өзге дүниелердің құлап кетуінен қорғағанымен, қабырға немесе төбе опырылып түссе тым қауіпті. Ал диван кішкене сенімдірек. Салмағы да ауыр, қозғалуы да қиын болғандықтан, диванның жақтауына бойлай, арқамызды тіреп жата қалуымыз керек. Үстінен жастықпен жабуға болады", - дейді балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы Ольга Костенко.

Нұсқаушы төтенше жағдай кезінде жеделсатыны қолданбауға кеңес береді. Маманның сөзінше, баспалдақпен түсу де қауіпті, құлап кетуі мүмкін, сол себепті дүмпудің аяқталғанын күтіп, үй ішінен қауіпсіз жерді тапқан дұрыс.

Балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушының айтуынша, үлкендер жер сілкінісі кезінде жылдам қимылдап, кішкентайларды бір жерге жинау керек. Ол егер екінші қабатта болса, астына тез түсіріп, негізгі қабырғалардың бұрыш-бұрышына тұрғызған абзал. Сонымен қатар нұсқаушы оларды төсектің жақтауына жатқызып, көрпе-жастықпен қымтаған дұрыс екенін айтты.

Мамандар зілзала кезінде үйдегі суды, газды, міндетті түрде жарықты өшіру керегін еске салды. Дабыл сөмкесі үнемі дайын болып, нұсқаулық та сақтаулы тұрғаны жөн. Ал егер көшеде жүрсеңіз, үлкен ғимараттың қасынан алшақ кеткен дұрыс. Үзілген сымдарға жоламай, жазық жер іздеңіз. Осылай деген төтеншеліктер алғашқы дүмпу кезінде тек жер үйде тұратындарға ғана сыртқа шығуға кеңес береді.

"Егер көпқабатты үйде тұрсаңыз, дүмпу кезінде сыртқы қабырғадан және терезеден алшақ болып, бірінші дүмпуді үйде өткізуіңіз қажет. Ол үшін отбасыңызбен бірге ертерек қауіпсіз жердегі орындарыңызды табуыңыз керек. Ол негізгі қабырғалар болып саналады. Ары қарай дүмпу біткеннен кейін тез арада үрейге бой бермей, ғимараттан шығып кетіп, ашық алаңға тұру керек", - дейді Алматы ТЖД ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар жиһаз жанында ұйықтамағаны абзал. Ауыр, құлауға бейім мүліктерді еденге немесе қабырғаға шегелеп тастау керек. Төтеншеліктер бәрінен бұрын халықтың сейсмикалық оқу-жаттығуға селқос қарамау керектігін ескертеді. Соның салдарынан дүмпуден емес, өзіндегі үрейдің кесірінен зардап шегеді деп отыр.

"23 қаңтарда адамдардың жарақат алғаны, бұл үрей себебінен. Өйткені олар не істерін білмей абдырап қалды. Сол себептен өз-өзіңізді ұстап, дұрыс әрекет жасау керек. Көпқабатты үйде, пәтер ішінде сыртқы қабырғалар жанында, терезенің жанында тұруға болмайды. Өйткені жарақат алуы мүмкін", - дейді Алматы ТЖД ресми өкілі.

Дүмпу кезінде есіктің жақтауында тұруға кеңес берілмейді. Ол тек аспалы шам, өзге мүліктердің үстімізге түсуінен сақтағанымен, негізгі қабырғаның құлауынан қорғамайды. Мамандар жерасты дүмпуі кезінде жуынатын бөлмеге жасырыну керек деген дұрыс емес деп отыр. Яғни айна мен өзге де әйнектердің шытынап сынуынан бөлек, ыстық су құбыры да жарылып кету қаупі жоғары. Сол үшін төтенше жағдай мамандары үйдегі негізгі қабырғаның жақтауына тұрған жөн деп санайды.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058756-mamandar-kenesi-zilzalada-qaida-tygylyp-qalai-areket-etu-kerek-video/

pixel