"Мас күйінде жиі көретінмін": Астанада тұрғын үй кешенінде балаларды ұрып-соғу дерегі бойынша тың мәлімет шықты
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқпанның 5-і Астанадағы тұрғын үй кешенінің кіреберісінде үш баланы ұрып-соққан ер адам ұсталды. Балалардың ата-анасы "Еуразия" бірінші арнасына" болған жайттың мән-жайын айтып берді.
Телеарна ақпараты бойынша, ер адам үш балаға 14-қабаттағы ойын алаңында ойнап жүрген кезде тиіскен. Ол балалардың бірін жұдырықпен ұрып, басына зақым тигізген, екіншісін теуіп, үшіншісін тұншықтырған.
Зардап шеккен балалардың бірінің әкесі телеарнаға берген сұхбатында кешке қарай үйде ұлының беті көгергенін байқағанын айтты. Кейін бала болған жайтты көзіне жас ала отырып айтып берген. Содан соң баланың әкесі басқа ұлдардың ата-анасын жинап, бірге жедел жәрдем мен полиция шақырған.
Ер адамның айтуынша, бұған дейін де төменгі қабатта тұратын көршісінің мінез-құлқына байланысты көптеген мәселе болған.
"2-3 жыл бұрын бір жағдай болды. Ол бірде кешкілік жігіттермен бірге ауладағы сәкіде ішкілік ішіп отырған. Мен басқа сәкіде жалғыз отырдым. Маған ұнамсыз сұрақтар қойып, т.б. тұрпайы істерімен мені жанжалға итермелей бастады. Арамызда жанжал шықты, төбелескен жоқпыз, жай ұрысыстық. Мен оны мас күйінде жиі көретінмін", – деді зардап шеккен баланың әкесі.
Оның сөзін көршілері де растады.
"Бұған дейін де оның ішіп алып жүргенін көргенмін. Көшеде ішіп отырғанын көрген жоқпын, жалпы ішетінін көрдім. Үйіне пакеттер ұстап бара жатқанын көргенмін", – деді пәтер иелері кооперативінің (ПИК) төрағасы Аслан Өмірбеков.
Зардап шеккен екінші баланың анасы бала не болғанын бірден түсінбегенін айтады.
"Алғашында балам ештеңе айтқан жоқ. Сосын маған қоңырау шалғанда балам болған жайттың бәрін айтып берді. "Ешкімге ештеңе айтпа" дегеннен қорқып кеткенін тағы айтты. Баламның ішінен тепкен, бұны тіпті бейнебақылау камерасынан да көруге болады, аямай тепкен. Бала аффект жағдайында басында түк сезбеген, таңертең ғана іші ауырып жылай бастады", – дейді екінші баланың анасы.
Зардап шеккен мектеп оқушылары 9 бен 12 жас аралығында. Олар ауруханаға жеткізілді. Балалардың бірінің беті, бірінің мойны, енді бірінің іші көгерген. Барлығы да амбулаторлық емделуге үйге жіберілді.
"Психологиялық жағдайы алаңдатады, бала ұйықтамайды, үнемі дірілдеп, оянып кетіп, жылайды, қатты қорқып қалған", – деді үшінші зардап шегушінің ағасы.
Балалардың айтуынша, белгісіз ер адам оларды ойын алаңында ойнап, бір қабаттан екінші қабатқа жүгіріп, шу шығарғандықтан ұрған. Бұл әрекеттері тұрғынның ашуын келтірген.
Еске салайық, кеше елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде белгісіз ер адам үш баланы ұрып-соққаны жайлы жазған едік. Бейнебақылау камераларындағы видеодан ер адам балалардың бірін ұрып, кейін екінші баланы қылқындырғанын көруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059304-mas-kuiinde-zii-koretinmin-astanada-turgyn-ui-keseninde-balalardy-uryp-sogu-deregi-boiynsa-tyn-malimet-paida-boldy/