Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әлеуметтік желідегі дауысты ұрлайды": сарапшы нейрожелі елді қалай алдап жатқанын айтып берді

Опубликовано:

Ер адам қолына нейрожелі ұстап тұр
Нейрожелі. Көрнекі сурет: freepik.com/DilokaStudio

Нейрожелілер сіздің дауысыңыз бен сыртқы келбетіңізді ұрлап алып, кез келген адамды алдап, тіпті халықаралық жанжал тудыруы мүмкін. Сарапшы Айдын Мәуітхан нейрондық желілердің қауіп-қатері мен мүмкіндіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Адамның даусы анық естіліп, мимикасы көрінетін екі минуттық бейнені жүктеп салсаңыз жеткілікті. Сонан соң кез келген мәтін жазсаңыз, нейрожелі бір минут ішінде мимикасы, дауысы бар аудио немесе бейне жазба жасап береді. Мүмкіндіктер өте көп.

Мысалы, жекеменшік аурухананы алайық. Бұрын контентті үзбей жүргізуге мүмкіндік болмаған, өйткені дәрігерлердің ешқайсысы фото, видеоға түскісі келмейтін. Енді біз оларды екі минут түсіріп, солардың орнына видео жасай аламыз. Жақсы монтаждау арқылы көрермендер бұл бейнеде шынайы адамдар түспегенін білмей де қалады", - дейді нейрондық желілер саласындағы сарапшы, AI саласындағы профессор-практик Айдын Мәуітхан.

Нейрожелілер маркетинг пен жарнамада үлкен мүмкіндіктер ашады, дейді Айдын. Көптеген блогерлер қазірдің өзінде олар үшін сөйлейтін сандық көшірме жасауда. Бірақ нейрондық желілер де алаяқтардың құралына айналды.

"Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны YouTube-тен президент Тоқаев пен біздің депутаттардың атынан қорларға қатысуға шақыруларды көріп жүр. Ең сорақысы, адамдардың көбі бұған сенеді және кем дегенде сілтемеге кіреді. Сол кезде-ақ алаяқтар құрылғыны бұзып, сіз туралы ақпарат тауып, кейін қолдануы мүмкін деген қауіп туады", - дейді Айдын Мәуітхан.

Алаяқтар табысының сырымен бөлісіп, күмәнді сайттарға сілтемелер тіркейтін танымал қазақстандық блогерлердің бет-әлпетін де пайдаланады.

Нейрожелілерді пайдаланатын алаяқтықтың тағы бір әдісі – белгілі бір шотқа ақша жіберу туралы өтініш білдіретін туысқанның дауыстық хабарламасы. Сарапшы хабарлама қысқа әрі орташа бес сөзден тұратындықтан, ажырату қиын екенін айтады.

Айтпақшы, алаяқтар мұндай хабарламалар үшін "дауысты" әлеуметтік желілер арқылы сөйлескен кездегі видеолардан және жеке диалогтар мен жалпы чаттардағы дауыстық хабарламалардан алады. Маманның сөзінше, жалған дауыстық хабарлама жасауға алаяқ жарты долларын жұмсайды.

Нейрожелілер әлеуметтік желілерде жанжал туғызуы да мүмкін. Бұған сарапшы мысал ретінде Нұрлан Сабуров пен Тина Канделаки арасында телефон арқылы болды делінген жалған әңгімені келтірді.

"Нұрлан Сабуровтың орындаушылық стилі агрессивті. Бірақ оның басқа шоуларын көрсеңіз, тікелей эфирде оның қарым-қатынас жасау мәнері бөлек. Оның мұндай агрессивті стильде телефонмен сөйлеспейтіні анық. Яғни, нейрожелі оның стендапта сөйлеген сөзін пайдаланған. Бірақ одан да жақсырақ етіп жасауға болады", - дейді сарапшы.

Нейрожелілердің сапасы күн сайын жақсарып келеді. Қазірдің өзінде ұқсас адамның сөйлегендегі дыбыстарын қосымша өңдеуге болады. Осы тұста тірі адамды оның цифрлы "егізінен"қалай ажыратуға болады деген сұрақ туындайды.

"Контекстке қарау керек. Әзірге алаяқтар контекстсізсала бастады. Сөйлеген сөзге, тыныс алу мен дауыс ырғағы ұзақ уақыт бойы бірдей болды ма соны қадағалап отыруыңыз керек. Адам сөйлескенде оның үні сәл өзгереді. Екі секунд бір тонмен, сосын өзгереді.

Бірақ нейрожелі үнін өзгертпейді. Бейнежазбада кейде бұл нейронжелі екені көзден, мимикадан және қолдың қимылынан анық көрінеді. Бірақ үш айдан кейін ажырату мүмкін болмайтын жаңа нейрондық желілер пайда болады. Бұған еш күмәнім жоқ", - дейді ол.

Сарапшы сонымен қатар қазіргі уақытта көптеген елдеде жасанды интеллект арқылы жасалған контентте арнайы маркер болуы керек деген заң әзірленіп жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ бұл мәселе Қазақстан Парламентінде де талқыланғанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059317-aleumettik-zelilerdegi-dauysty-urlaidy-sarapsy-neirozeliler-qazaqstandyqtardy-qalai-aldap-zatqanyn-aityp-berdi/

pixel