Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздің Қарулы күштері отандық ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды алғаш рет сынақтан өткізді (фото)

Опубликовано:

Ұшқышсыз басқарылатын құрылғы
Ұшқышсыз басқарылатын құрылғы. Фото: gov.kz

Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде қазақстандық кәсіпорындардың өкілдерімен Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін арнайы әзірленген ұшқышсыз ұшатын аппараттардың алғашқы сынағы өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, бұл шара мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты" атты Қазақстан халқына жолдауына сәйкес, отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағытталған.

Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды дайындау туралы сұрау жасаған болатын. Елдегі қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің құрамына кіретін бірнеше қазақстандық компания бірден жауап беріп, бұл шараға қолдау көрсетті.

Аталған құрылғылардың ұшу-техникалық талаптарға сәйкестігін бағалау үшін комиссия тағайындалды. Оның құрамына Қазақстан Республикасының Қарулы күштері бас штабы мен Әуе қорғанысы күштерінің Ұшқышсыз басқарылатын авиация жүйелерін дамыту және оларды қолдану департаментінің офицерлері кірді.

Ұшқышсыз басқарылатын құрылғы
Ұшқышсыз басқарылатын құрылғы. Фото: gov.kz

Барлық ұшу техникасы заманауи бейнебақылау құралдарымен, датчиктермен, қашықтық өлшегіштермен әрі тепловизорлармен жабдықталған. Сарапшыларға әр түрлі ұшу аппараты көрсетілді. Құрылғылар арнайы резеңке жолақтың керілуімен катапульта арқылы ұшырылды, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар орнынан тікұшақ сияқты тігінен көтеріліп, әуеде ұшақ сияқты қалықтады.

"Отандық өндірушілер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды қысқа мерзімде жасады. Олардың жұмысының нәтижесін көрнекі түрде көріп, бағалай алдық. Әрине, әлі де пысықтайтын сұрақтар бар. Десек те, бастамасы жақсы", - деп атап өтті Қарулы күштер бас штабы Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және оларды қолдану департаментінің офицері полковник Ержан Жақашев.

Ұшқышсыз басқарылатын құрылғы
Ұшқышсыз басқарылатын құрылғы. Фото: gov.kz

Отандық өндіруші компаниялар әскерилердің барлық талабы мен сұранысын ескеруге тырысты. Сондай-ақ елімізде өндірілген ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды қару-жарақ құрамына қабылдау бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, ал кейін оларды күтіп ұстау әрі жаңғырту мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді.

"Біздің күндізгі және түнгі камералар өте тиімді, координаттарды анықтау функциясы, лазерлік қашықтық өлшегіш және оқ-дәрілерді тастау жүйесі де бар. Мұндай сипаттамалар артиллерияны нысанаға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұны Қарулы күштердің мамандары жақсы бағалайды деп ойлаймын", - деді өндіруші өкіл Айбек Ахыш.

Сынақ аяқталғаннан кейін комиссия мүшелері отандық ҰҰА әзірлеушілеріне ұсынылған құрылғылардың нұсқаларын пысықтау және толықтыру бойынша ұсыныстар жасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059381-elimizdin-qaruly-kusteri-otandyq-usqyssyz-basqarylatyn-qurylgylardy-synap-kordi/

pixel