Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қалай күн көреміз": Семейде өртенген сауда үйіндегі бутик иелері шығынның орнын толтыруды талап етіп отыр

Опубликовано:

Өртенген сауда орны
Өртенген сауда орны. Видеодан кадр: КТК

Семейде сауда орталығы өртеніп, екі мың саудагердің тауары күлге айналды. Шығынға батқан жұрт өтемақыны кімнен талап етеміз деп абдырап қалды. Ал жергілікті билік олардың банктен алған несие төлемін тоқтата тұруға өтініш бермек, деп хабарлайды КТК арнасы.

Шаһардың қақ ортасындағы ірі сауда орталығынан тілсіз жау түн жарымда тұтанған. Өртті өшіруге 350 адам мен 40-тан астам техника жұмылдырылған. Шамамен төрт мың шаршы метр аумақ күлге айналған. Ал төңірегіндегі базарлар мен авто бекет жұмысын тоқтатып, көшелерде көлік қозғалысы шектелді.

Киім-кешек пен пластик құрылғыларға толы "Ақшын" сауда орталығындағы тілсіз жауды ауыздықтауға қиын болған. Қас-қағым сәтте күш алған қызыл жалын төңірегіне лезде тараған. Сауда орталығында нәпақасын тауып жүрген саудагерлердің тауары күлге айналды. Тіпті кейбір саудагерлердің сөзінше, 20 млн теңгенің заты түгі қалмай жанып кеткен.

"Сауда орталығында сауда жасағаныма 30 жыл болды. Бұл - біздің күнкөрісіміз. Бір үйімізге айналған. Міне, тақырға отырдық. Ал қаншама адам есінен танып жатыр. Психологиялық соққы алдық. Өйткені көбінде төлейтін несиесі бар. Енді ары қарай қалай күн көреміз?", - дейді Энвира Байдалина

Қарызға белшесінен батқан жұрт отқа оранған тауар құнын кімнен өтеп алатынын білмей дал. Олар несие алып киім-кешектерді Қытай мен Түркиядан тасымалдап отырған екен. Жергілікті билік оларға өзге сауда орталықтарынан орын тауып бермек ниетте. Алайда шенеуніктердің бұл жұбатуы жұрттың ашуына тиді. Орын тауып бергенмен, не сатып, қарыздан қалай құтыламыз, дейді саударгерлер.

Жалпы орталықтан 2220 адам сауда орнын жалға алып келген екен. Енді, олар жаппай полиция қызметкерлеріне арыз түсіруде. Қазір өрттің шығуына кінәлі тұлғаны анықтау үшін 15 тергеуші жұмылдырылды.

"Бутиктердің бәрінде киімдер. Бәрі үлкен көлемде. "Ақшыңның" қабатының бәрі қара түтін болып толып кетті. Қызуы қатты болып, ошақтың басына өту өте қиын болды", - дейді Семей ТЖБ бастығының орынбасары Қымбат Көпбаев.

Қазір сауда орталығынан шыққан өрт тежелді. Әйтсе де күлге айналған аумақ 7 мың шаршы метрге жетті. Мамандар өрттің неден тұтанғанын анықтамақ. Енді осы сараптамаға сәйкес, шығынға батқан саударгерлердің өтемақысы төленетіні, не төленбейтіні белгілі болады. Ал жергілікті билік жұрттың банктен алған несиесін төлеуді тоқтата тұруға өтініш жіберген.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059539-qalai-kun-koremiz-semeide-ortengen-sauda-uiindegi-butik-ieleri-sygynnyn-ornyn-toltyrudy-talap-etip-otyr/

pixel