Атырау ауылдары бір тәулік жарықсыз және жылусыз қалды
Жарияланған күні:
Бірнеше күн үздіксіз жаңбыр жауып, соңы ақтүтек боранға ұласқан Атырау облысының Мақат және Қызылқоға ауданында тұрғындар тәулік бойы жарықсыз, жылусыз қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бір тәуліктен бері жарықсыз қалған Мақат ауданынында тіршілік тежеліп қалған. Мектептердегі оқу онлайнға көшірілсе, мемелекеттік мекемелерде жарықтың қайта-қайта сөнуінен жұмыс істеуге қиындық тудырып тұр. Телефонның қуаты да таусылып, өркениеттен ажырап қалдық деп шағымданады тұрғындар.
"Жылу батареялары да электр энергиясына тәуелді. Жарық сөнсе, ол да суып кетеді. Балаларды қабаттап киіндіріп отырмыз. Жалпы бұл жағдай аудан тұрғындары үшін таңсық емес, электр желілеріндегі ақаулар қысы-жазы орын алып жатады. Мұндайға үйреніп кеткенбіз", - дейді Мақат кентінің тұрғыны.
Аудан әкімдігіндегілердің ақпаратына сүйенсек, 6 ақпан сағат 16.00-де ауа-райының қолайсыздығына байланысты Мақат ауданына қарасты Мақат кентінде, Доссор, Ескене, Кенбай, Бәйгетөбе ауылдарында және Қызылқоға ауданының Мақат ауданымен шектесетін тұсында орналасқан Кенбай, Соркөл, Сарықұмақ, Былқылдақты ауылдарында жарық өшкен. Бүгінгі күні жеке сеторларға жарық беру жұмыстары жүргізілуде.
"Атырау-Жарық" мекемесінің 18 адамнан құралған 6 бригадасы апатты жерлерді анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ешқандай зардап болған жоқ. Мұнай өндірістері үздіксіз жұмыс атқарып жатыр, зауыттар тоқтамады. Жарық беру кезең кезеңімен жүргізілуде", - деп жауап берді Мақат ауданы әкімі аппарат басшысы Бекбол Абуов.
Мақаттықтардың айтуынша, жарықтың өшуі ауданда жиі орын алады. Ауа-райы сәл бұзылса электр бағаналарының сымдары үзіліп, ауылдар жарықсыз қалады. Жаз мезгілінде де тоқ салқындатқыш кондиционерлерді көтере алмай жиі жарық өшеді екен. Әкімдіктегілер осы мәселені басты назарға алса екен, тиісті органдар тексеріп ескірген электр желілерін жаңартса екен дейді ашынған халық.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059785-atyrau-auyldary-bir-taulik-zaryqsyz-zane-zylusyz-qaldy/