Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбылда прокурорлар 209 млн теңге субсидия алған экс-шенеунікті тергеп-тексеріп жатыр

Жарияланған күні:

Ақша мен қол кісен
Ақша мен қол кісен. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Жамбыл облысы Меркі ауданының экс-әкімі субсидия ретінде берілген 200 млн теңгеден астам қаражатты басқа мақсатқа жұмсады деген күдікке ілінді. Облыстық прокуратура қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, күдікті алма көшеттеріне бөлінген ақшаны жеті жыл бойы басқа мақсатқа пайдаланған. Прокуратура дерегінше, экс-шенеунік Б.С. өзінің орынбасары Т.Б-мен бірігіп, "жеміс ағаштарын саттық" деп жалған құжат жасаған. Тіпті өзге өңірлерге де өнім жеткіздік деп көрсеткен.

Прокурорлар қос күдіктіге қатысты алаяқтық бабымен іс қозғады. Қазіргі таңда экс-әкім тергеу абақтысына қамалды. Ал орынбасары үй қамақта отыр.

"Меркі" тәжірибелік шаруашылық" ЖШС квазимемлекеттік мекемесінің бұрынғы басқарма төрағасы Б.С. және оның орынбасары ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы нақты сатылмаған алма көшеттері үшін 209,9 млн теңге субсидия алған. Аталған факт бойынша Меркі ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармақшасымен (алаяқтық) қылмыстық іс тіркеді, оны тергеп-тексеруді облыс прокуратурасы жүргізуде. Бұл баптың санкциясы – 5 жылдан 10 жылға бас бостандығынан айыру, сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқынан айыру. Сотпен бір күдіктіге қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берілсе, екіншісіне қатысты үй қамақ бұлтартпау шарасы қолданылды", - деді облыс прокуратурасының басқарма бастығы Ақберген Мүлкіманов.

Айта кетейік, экс-әкім осыдан 27 жыл бұрын Меркі ауданын басқарған. Кейіннен бизнес саласына бет бұрған.

Авторы: Дана Мұхарбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059924-zambylda-prokurorlar-209-mln-tenge-subsidiya-algan-eks-seneunikti-tergep-tekserip-zatyr/