Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте қарттар үйінде некелескен зейнеткерлер үйлену тойын дүркіретіп өткізді (фото)

Жарияланған күні:

қариялардың үйлену тойы
Үйлену тойы. Фото: Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы

Шымкенттегі қарттар үйінде зейнеткерлер некелесіп, үйлену тойын өткізді. 72 жастағы Рахымқұл Бегалыұлы мен 62 жастағы Найла Мұхаммедқызының шаңырақ көтеру тойы демеушілердің есебінен жасалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Шымкент қаласындағы №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушы екі қарттың некесі қиылды. Бір қызығы, қарттар үйіне тағдыр айдап келген қос қария да орталыққа бір күнде тіркелген. Осы орталықта танысқан. 1952 жылы туған Рахымқұл Смадияров Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 10 жыл қызмет атқарып, 6 жыл күзет қызметінде болған. Бұрын отбасылы болған, үш перзенті бар. Алайда қазір балаларымен аралас-құраластығы жоқ екен.

үйлену тойы
Үйлену тойы. Фото: Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы

1962 жылы туған Найля Мұхаммедқызы наубайханада жұмыс істеген. Өткен жылы 16 маусымда келген жалғызбасты қос ардагер көңіл жарастырып, 23 қарашада заңды некеге тұрған. Қос ардагердің қуанышына орай, демеушілер есебінен той жасалып, жақсы тілектер айтылды.

жұбайлар
Жұбайлар. Фото: Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы

Қоғам белсендісі Самат Бекебаев демеушілердің есебінен дүбірлетіп тойын ұйымдастырып берді. Үйлену тойына қарттар үйінің қызметкерлері,  жұбайлардың замандастары қатысып, жас жұбайларға ақ тілегін арнады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қуаныш иелерін үйлену тойымен құттықтап, деніне саулық тіледі. 

тойға тілек айтып келген қонақтар
Той қонақтары. Фото: Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы

"Бақытты болуға ниет еткен адамға уақыт кедергі емес екенін өздеріңіз тағы бір рет дәлелдедіңіздер. Көңілі жарасқан адам қандай кезде де бір-біріне сүйеу. Сіздерді бүгінгі шаттық күнмен құттықтай отырып, осы тойға атсалысқан барша жанға алғыс айтамын", - деді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.

Екі жақтың алыс-жақын туыстарына той туралы хабар берілген, бірақ ешкім келмеген.

Той
Той. Фото: Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы

Тойды ұйымдастыруға мұрындық болған қоғам белсендісі Самат Бекебаев та құттықтау сөзінде Шымкент қаласында мүгедектігі бар жандарға, жетім балалар мен өмірлік қиын жағдайға түскен әйелдерге және қарттарға жақсы жағдай жасалғанын тілге тиек етті. 

жұбайлар
Жұбайлар. Фото: Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы

"Қайырымдылық істерге араласқалы бері қаншама өңірде болдым. Алайда Шымкент қаласындағыдай әлеуметтік орталықтар, қарттарға жасалған жағдай мен мүгедектігі бар балаларға көрсетіліп жатқан көмекті ешбір өңірде көрмедім. Біз де осындай игілікті істерді ұйымдастыруда қол қусырып қалмайық деген ниетімізді амалға асырып жатырмыз", - деді қоғам белсендісі. 

Айта кету керек, жұбайларға орталықтан бөлек бөлме берілген.

Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 47 қызмет алушы бар. Оның 15-і әйел, 32-і ер адам. Бұл - орталықтағы бірінші той. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, таяу уақытта тағы да қос ардагер көңіл қосып, заңды некеге тұрмақ ниетте екен. 

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059939-symkentte-qarttar-uiinde-nekelesken-qos-qariya-uilenu-toiyn-durkiretip-otkizdi-foto/