ШҚО-да мұғалімдерге тест жауаптарын сатқан екі тұрғын сотталды
Жарияланған күні:
Өскеменде ШҚО-ның екі тұрғынына сот үкімі шықты, олар мұғалімдерге біліктілік тестілеуінен өтуге заңсыз көмектескен, деп хабарлайды NUR.KZ облыс соттарының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Заңсыз ақпаратты иемденген ЖШС-ның екі қызметкері мұғалімдерге тест тапсыруға көмектескен.
"2024 жылдың 6 ақпанында Өскемен қаласының №2 соты ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қатысты жасалған ақпараттық жүйеге құқыққа сыйымсыз қол жеткізу үшін (Қылмыстық кодекстің 205-бабы 2-бөлігі.), адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған заңсыз ақпаратты иемденгені үшін (Қылмыстық кодекстің 208-бабы 2-бөлігі. 1,2-т.) Ж мен Н-ге қатысты қылмыстық іс қаралды", - делінген соттың баспасөз қызметі Facebook-те жариялаған хабарында.
Сотта 2023 жылы мұғалімдері алдын ала келісім бойынша тестілеуді ұйымдастырып жүрген ЖШС қызметкерлері Ж мен Н тестілеу жүйесіне заңсыз қол жеткізгені анықталған.
Олар Telegram арқылы Шығыс Қазақстан облысындағы әртүрлі мектептердің мұғалімдеріне тест тапсыру бойынша нұсқаулар жіберіп, жоғары балл жинауға көмектескен.
Бұл қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Тестілеу орталығы дайындаған сұрақтар мен дұрыс жауаптарды мұғалімдерге бергені үшін Ұлттық тестілеу орталығына 691 771 теңге шығын келген.
"Ұлттық бірыңғай тестілеуді және Ұлттық біліктілік тестілеуді жүзеге асыруға арналған "компьютерлік тестілеу" жүйесі Қазақстан Республикасы Үкіметтінің қаулысымен бекітілген ақпараттық - коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізбесіне енгізілген", - дейді соттағылар.
Прокурор сотталушыларды кінәлі деп тануды талап етіп, әрқайсысына 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.
Ал сотталушылар кінәсін мойындап, соттан айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады. Олардың кінәсі, кінәні мойындауларынан басқа, күәлардың жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сарапшының қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен расталған.
"Жасалған құқыққа қайшы әрекеттер қылмыстық теріс қылық бұзушылықтар мен ауыр емес қылмыстар санатына жатқызылады және жазаның баламалы түрлерін қарастырады. Жазаны тағайындау кезінде сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды - кінәсін мойындау және жасаған қылмысына өкіну, келтірілген зиянды өз еркімен өтеуді, сондай-ақ Ж.-ның асырауында кәмелетке толмаған 3 балаларының болуын ескерді", - делінген сот хабарында.
Жоғарыда аталғандардың негізінде сот оларды кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінде заңмен қорғалатын ақпараттық жүйелермен жұмыс жасауға байланысты лауазымдарда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, әрқайсына 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059989-sqo-da-mugalimderge-test-zauaptaryn-satqan-eki-turgyn-sottaldy/