Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде көпқабатты үй тұрғындары екі күннен бері қар ерітіп әбігерге түсті

Жарияланған күні:

Жуыну бөлмесіндегі еріп жатқан қар
Жуыну бөлмесіндегі еріп жатқан қар. Фото: NUR.KZ/автордан

Ақтөбе қаласы Алтын орда тұрғын үй алабындағы бірнеше үй сусыз отыр. Көпқабатты үйдің тұрғындары ауладағы қарды ерітіп пайдалануға мәжбүр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ақтөбеде қолайсыз ауа райы кезінде су тоғандарында электр желісі өшіп, 35 көпқабатты үй сусыз қалған. Тұрғындар ауладағы қарды ерітіп, тұрмыстық қажеттілікке пайдаланып жатыр.

"Бір тәуліктен асты. Су жоқ. Ауладағы қарды шелектеп тасып, туалетке құйып отырмыз. Жеті қабатты үйде тұратын көршілерімнің де жағдай осы. Бәрі ауланың қарын жиып, ерітіп пайдаланып отыр. Кейбірі туыстарына кетті. Ыңғайсыздық туғызып тұр. Қашан су қосылатыны нақты айтылмады. Ваннаға қар толтырып, жинап алдық. Ішетін суды дүкеннен аламыз. Оның бағасы өскен жоқ", - деді қала тұрғыны Закия Асанқызы.

Жауапты мекемелер су тоғандарындағы уақытша кідірген жұмыстардың бүгін кешке дейін аяқталатынын айтып сендіреді.

"Ауа райына байланысты сумен қамту жұмыстарында кемшіліктер болды. Күні-түні жұмысты қалыпқа келтіру жұмыстары атқарылды. Кемшіліктер жойылды. Бүгінде барлық насос, су желілері жұмыс істеп тұр. Қазір Алтын орда ауданында шағым бар. Насос іске қосылғанымен, гидравликалық қысым маңызды. Қалпына келу үшін бірнеше сағат керек болады. Шамамен 35 үйге су жетпеді. Бүгін кешке дейін су барады", - деді "Aqtobe su-energy group" АҚ бас инженері Амангелді Боранқұлов.

Тұрғын қарды еріту үшін шелекке салып жатыр
Тұрғын қарды еріту үшін шелекке салып жатыр. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Осыған дейін ақтүтен боранға байланысты Ақтөбе облысының екі Хромтау және Әйтеке би ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Ауа райының нашарлауына байланысты облыста Ақтөбе-Хромтау-Қарабутақ автожолы жабық. Өңірде жолда қалған адамдарды қауіпсіз жерге көшіру және автомобильдерді қар құрсауынан шығару бойынша авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖД, Полиция департаменті, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 90 техника, 240 адам тартылды. 7-9 ақпан аралығында 653 адам эвакуацияланды, оның ішінде 4 - әйел және 23 - бала, 434 - шетел азаматы.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060169-aqtobede-kopqabatty-ui-turgyndary-eki-kunnen-beri-qar-eritip-abigerge-tusti/